Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет саласының өркендеуіне мол үлес қосып отырған «Оңтүстік-Цирк» мекемесі қашанда жаңа қойылымдарымен көпшіліктің көзайымына айналып келеді. Күні кеше «Оңтүстік цирк» V маусымын ашты. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тұспа-тұс келіп отырған бес жылдықты мекеме ұжымы ерекше өтуіне атсалысты. Цирктің манеждегі алғашқы қойылымын Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының жаңа басшысы Нұрболат Ахметжанов ашып берді. Басшы «Оңтүстік цирк» ұжымына алдағы уақытта көременге керемет көңіл күй сыйлайтындай сәтті қойылымдарымен қуантуға тілектестік білдірді. Сонымен қатар, қойылымға зілтемірші, биылғы Рио олимпиадасы ойындарының күміс жүлде иегері Жазира Жаппарқұл қатысып, өз лебізін білдірді. Көрермендер олимпиада чемпионына деген өз ризашылықтарын білдіріп жатты. Оңтүстік-Цирктің жаңа маусымы Ресейден келген мұздағы шоу циркімен басталды. Айта кетерлігі, жаңа маусымның жаңа қойылымдары әдеттегідей баспасөз отырысынан бастау алды. Бұқаралық ақпарат құралдары цирктің тыныс-тіршілігі, алдағы жоспары жөнінде, сонымен қатар, өнермен егіз спорттағы шоқтығы биік, зілтемір көтеруде қазақ қыздары ішіндегі алғашқы күміс жүлде иегері Жаппарқұл Жазира Әбдірахманқызы және Ресейлік цирк басшыларымен сұхбаттасты. Қойылым соңында Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы атынан Ресейлік әріптестерге ықылас гүлі табыс етілді.