Халықаралық театр күніне орай, 27-31 наурыз аралығында Көкшетеу қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдық мерейтойы аясында «Сәлем» халықаралық комедиялық театр фестивалі өтті. Аталған өнер додасынан түркістандық театр майталмандары олжалы оралды. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының директоры Ержан Исатаев мәлім етті. Ержан Ибадуллаұлының айтуынша, аталған фестивальде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның беделді өнер ұжымдары 9 аталым бойынша бақ сынасты. Фестивальдің ерекшелігі сол, онда жүлделі орындар емес, арнайы номинациялар беріледі. Көкше жеріндегі өнер додасында өңірімізден Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры Әбіш Кекілбаевтың аудармасындағы К.Гоццидің «Турандот ханшайым» комедиялық қойылымын сахналады. Осылайша, театр ұжымының еңбегі еленіп, үздіктер қатарынан көрінді. Бұл орайда, театр актрисасы Гүлзада Айтбаеава «Үздік әйел адам бейнесі» номинациясымен марапатталып, 300 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды. «Театр өнерін жақсы көретін көкшетаулық көрермен тамаша қойылымдарды көріп, тәнті болды. Бұл фестиваль біздің ұжымға ерекше шабыт берді. Биыл театрымызда 4 жаңа қойылымды сахналауды жоспарлап отырмыз. Атап айтар болсам, Айжан Атымтаеваның «Кім патша?» ертегісі, Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздық» драмасы, Лидия Егембердиеваның «Қалталы күйеу, қайдасың?» комедиясы, Алишер Айтуардың «Туған күніңізбен, анашым!» драмасын көпшілікке ұсынатын боламыз. 12 сәуір күні Р.Отарбаевтың «Жалғыздық» атты драмасын сахналау үшін Атырау облыстық М.Өтемісұлы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Мұқанғали Томановты арнайы шақырып отырмыз. Сондай-ақ, осы жылдың қазан-қараша айларында республикалық деңгейде театр фестивальін өткізуді жоспарымызда бар», — деді театр директоры. Сондай-ақ брифинг барысында сөз алған театр актері Бақдәулет Шаймахан еліміздің театр кеңістігіндегі актерлердің өнер мен спорттағы шығармашылық әрі әріптестік байланысы туралы сөз қозғады. Айта кетсек, Бақдәулет Шаймахан халықаралық театр күніне орай қазақ күресінен елордада өткен «Театр барысы – 2023» І Республикалық турнирінде жүлделі ІІІ орынды иеленіп, облыс абыройын асқақтатқан болатын. Аталған турнирге қалалық, облыстық және республикалық театрлардың актерлері қатысты. Еске сала кетсек, театрдың негізін қалаушы, ҚР Халық әртісі Р.Сейтметовтың туғанына биыл 85 жыл толуына орай оның өзі сахналаған қойылымдары көрермен назарына ұсынылмақ. Бұдан бөлек, театр жоспарында түрлі халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде өтетін театр фестивальдеріне қатысу және гастрольдік іссапарларға шығу жоспары тұр.