Оңтүстік Қазақстан облысында өзге өңірлерінде жоқ ерекше байқаулар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Солардың бірі «Оңтүстік Самалы -2016» авторлық әндер фестивалі. Арыс өзенінің жағасында өткізілген фестиваль үш күнге созылды. Аталмыш шараға мыңға жуық адам қатысып, тамашалады. Аталмыш байқау биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Халықаралық дәрежедегі байқауға 70 үміткер іріктеліп алынған. Ашық аспан астында күздің жаймашуақ күнінде ұйымдастырылған байқау өте жоғары деңгейде өтті. Бәйгенің бесті торысындай қатаң іріктеуден өткен әншілер жиналғандарды жанды дауыста ән айтып тамсандырды. Байқауда бағын сынауға келгендердің арасында еліміздің барлық облыстарынан және Өзбекстан, Ресей елдерінен келген әншілер болды. Байқау болған соң хас таланттар ғана жеңімпаз болмақ. Бірінен бірі асқан дарындарды таңдау әділқазыларға да оңайға соққан жоқ. Мұндайда тек нағыз талантар ғана өзгелердіен шашасына шаң жұқтырмай оза шапса керек. Кең диапазонды дауысымен, өзгеше өнерімен өзгелерден оқ бойы озық шыққан ресейлік қонақ Олег Деманов бас жүлдені жеңіп алды. Бұдан бөлек, 18 аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Аталмыш байқауды Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының бастамасымен өткізілді. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған авторлық әндер фестивалі келесі жылы тағы да жалғасын табатын болады.
Динар Бекасыл