Жақсыны жақсы деп айту парыз. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы өзбек театры өзінің өзгеше қойылымдарымен көрермен ықыласына бөленіп келеді. Олай деуімізге себеп, үнемі жаман әдеттерден сақтануға шақырып, мейірімді болуға үндеп тұратын қойылымдарды қалай жоққа шығарарсыз? Жуырда ғана облыстық өзбек драма театры 14-маусымының шымылдығын қаламгер Рахымжан Отарбаевтың «Аяулым Анфиса» қойылымымен ашты. Көрермен көңілінен жылы орнын тапқан қойылымды тамашалауға келгендер көп болды. Берілген рольді биік деңгейде орындағандықтан да болар театр әртістерінің өнеріне риза болып, қол шапалақтаумен білдіріп отырды. Оқиға желісі «енді не болар екен?» дегендей көрерменін ынтықтырып отырады. Келмеске кеткен Кеңес одағының дәуірі мен сол кездегі адамдардың өмір сүру қағидасы көрініс тапқан. Сол кезеңдегі салқын саясаттың кесірі, қоғамдағы кереғар әрекеттер барлығы да бір ғана қойылымның өн бойында өріліп отырады. Қойылымдағы бір ғана адамның тағдыры арқылы сол кездегі қоғамның тынысын сезінуге болады. Қолы алтын шебер тапқан табысын тек қана ішімдікке жұмсап, маскүнемдікке салынады. Төрт рет отбасын құрса да біреуіне тұрақтай алмайды. Осылайша қойылымда бір ғана кейіпкер арқылы Кеңес одағы дәуірі мен ондағы адамдардың аңғалдығы, жомарттығы көрініс тапқан. Бір жарым сағатқа созылатын қойылым көрерменің жіпсіз матап тастайды. Бүгінгі ұрпаққа берері мол тағлымды қойылымды алдағы уақытта тағы да қайталап қойылатын болады. Бір жарым сағаттық «Аяулым Анфиса» спектакліне ұжымның барлық әртісі жұмылдырылған.
Связанные истории
13.09.2024
274086