Оңтүстік Қазақстан облыстық жасөспірімдер кітапханасы бүгінде мектеп оқушыларымен тығыз қарым қатынаста жұмыс жасап келеді. Үнемі жасөспірімдерді қызықтыратын тың жобалар ұйымдастырып, балалардың қызығушылығын арттыруда. Жуырда кітапхана ұжымы «Елімнің бақытын тербеткен-Тәуелсіздік» тақырыбымен жас суретшілер байқауын ұйымдастырды. Оған облыстық жас туристер стансасының үйірме мүшелері қатысты. 1 сыныптан бастап 9 сыныпқа дейінгі оқушылар қатысқан шара аса қызықты өтті. Олар Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай суреттер салды. Жасөспірімдер өз ойларын қағаз бетіне әдіптесе, ал бүлдіршіндер асфальт бетіне сурет салды. Қазылар алқасының құрамында облыстық ардагерлер кеңесі төраға орынбасары Ү.Айтөреева, мүшесі С.Байдәулетов, әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Омаров, кітапхана қызметкері І.Жүсіпбекова болды. Балалардың қиялы қиянға кетіп, шабыттанып, керемет туындылар әділқазылар алқасының сарабына ұсынды. Әрине бала қиялынан туындаған сан алуан тақырыптағы тамаша туындылардың қайсы жүлдеге лайық екенін сараптау оңайға түскен жоқ. Ақыры әділқазылардың шешімімен «Тәуелсіз Ел — 25 жыл» (Д.Раманқұлова), «Бәйтерек» (А. Жидебай), «Тәуелсіздік-Тұғырым» (Н.Шалғынбай), «Астана-арман қала» (Б.Қаржау), «Мой Казахстан» (Д.Губайдуллина), «Ынтымақты Тәуелсіл Ел» (П.Раманқұлов), «Еркіндік шыңы» (М.Пазылбекова), «Еркін Қазақстан» (Жұман Нұрдәулет) сынды балалардың туындылары жоғары бағаланды. Қазақстан Республикасының 25 жылда жеткен жетістіктерін көркем, мазмұнды түрде жеткізе білген жеңімпаздар грамотамен марапатталып, байқауға қатысқан балалардың барлығына сыйлықтар тапсырылды.