Бүгінде балаларды да, жастарды да кітап оқымайды, телефонға, ғаламторға үңіліп отырады деп күстаналайтындар жеткілікті. Расында бабадан балаға жалғасып келе жатқан шешендік өнер, алғырлық, сөз қарымтасын қайтаруда жастарымыздың көбіне тосылып қалатыны да рас. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында жуырда Оңтүстік Қазақстан облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Би-шешендер мұрасы – өмір оқулығы» атты іс-шаралар желісі дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Әр кезде әртүрлі тақырыптармен. Бұл жолы облыстық жас туристер стансасының үйірме мүшелерімен «Көп оқыған-көп біледі!» атты әдеби сайыс өткізілді. Шараның мақсаты жастардың білімін арттыру, кітапқа деген құмарлығын ояту болатын. Шара барысында шешендік өнер, салт-дәстүр, мақал-мәтел тақырыбында 5 кезеңдік негізінде өтті. Оған «Алғыр», «Тапқыр», «Білгір» топтары қатысты. Сайыс кезеңдері: «Табалдырық», «Тапқыр», «Жолайрық», «Беласар», «Ойлан тап». «Табалдырық» кезеңінде балаларға сұрақтар беріліп, білімпаз бала сайысқа қатысуға жолдама алды. Осылай 5 адамнан жинақталған топтар, өзара сайысқа жұмылдырылды. Балалардың тұрақты сөз тіркестерінің мәнін ашу, мақалды жалғастыру, логикалық сұрақтарға жауап беру, жасырылған затты қимыл арқылы білдіру арқылы табу бойынша білімдері сынға түсті. Шешендік сөздердің тұнық қойнауынан, даналар мұрағатынан рухани нәр алған жасөспірімдер жарысында «Білгір» тобы-І орынды, «Тапқыр» тобы-ІІ, «Алғыр» тобы-ІІІ орынды иеленді. Көрермендер арасында «Бабалар аманаты» айдарымен экспресс-викторина ойнатылды. Команданың әрбір мүшесі және белсенді көрермендер сыйлықтармен марапатталды.