Бүгінде жастарымыздың ана тілінде жатық сөйлеп, өз тілдеріне деген құрметі артқаны ерекше сүйсінтеді. Жалпақ тілде шет тілінде еніп кеткен сөздерді қазақша айтқанда риза боласың. Ана тілінде мақалдатып, мәтелдетіп, шешен сөйлейтін толқын өсіп келеді. Расында тілге деген асқан құрметті жастардан үйрену керек сықылды. Ал осы қара сөзден қаймақ айырып, өлең шығаратын жастарға деген құрмет тіптен ерекше. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – 25 игі іс-шара» жобасы аясында өткізіліп жатқан іс-шаралардың легімен «Менің тілім – Мәңгілік Ел тілі!» атты мүшәйра өткізілді. Жастарға ана тілге деген құрметін арттыру, бойларына отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді сіңдіру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты. Ақындыққа жаны жақын Отан қорғаушылар ана тілінің мәртебесін көтеруге өзінің патриоттық өлеңдерімен үлесін қосты. Сарбаздардың туындысын ақын Ерғали Мұхамеджанов, Қанат Сарбаев, жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ұ. Бексейітова саралады. Отан анаға деген, елге, жерге деген сезімдерін көркем тілмен кестелеген сарбаздардың жырын оқып отырып, нағыз бесаспап ақын жазған ба деп қалғандайсың. Әділқазылар сарбаздардың өлеңдерін саралай келе І орынға — Айдын Сатыбалдиевты, ІІ орынға -Арай Әліқұловты, ІІІ орынға — Дәулет Сұңғатұлын лайық деп таныды. Жеңімпаздар дипломмен марапатталып, сыйлықтарға ие болды.