Жастайынан кітап оқуға құмартып, әдебиет әлемімен сусындап өскен бала есейгенде оқыған, тоқығанын бойына сіңіргендіктен ешуақытта да жамандыққа бармайды дейді психологтар. Расында көркем әдебиеттегі жақсылыққа үндейтін шығармалар баланың жаны жүрегінен орын алып, адамдық қасиеттің мол болуына көп үлес қосатыны шындық. Сондықтан да бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының шалғай шеттегі аудандарында балаларды кітап оқуға үндейтін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның нәтижесінде кітапханаға көп келетін оқушылар саны артқан. Жуырда Отырар аудандық балалар кітапханасында оқырман балалар арасында «Кітап патшалығы» атты ертеңгілік өткізілді. Іс-шарада оқырман балалар білімдерін ортаға салып, кітап туралы өлеңдер оқыды. Балаларға құр сөзден көрі іс әрекетпен көрсеткен көкейлеріне қонымды болары сөзсіз. Қойылым балаларға қте ұнады. Әріп жегіш кейпіндегі Кітап ханшасы балаларға сұрақ қойып отырды. Ал, балалар белсенділік танытып, шапшандылықпен қойылған сұрақтарға жауап қатты. Кітапханашылар ертегі кітаптардан үзінді оқып берсе, ал балалар үзінді қай ертегіден алынғанын айтып, қызығушылықтары арта түсті. Оқушылар арасында мақал-мәтелдерден жарыс, сөзжұмбақтың шешімін табу сияқты түрлі ойындар ойнатылды. Іс-шара аяғында жігерлі де белсенді оқушылар марапатталып, балаларға сыйлық ретінде ертегілер оқып берілді. Кітапханашылар балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін көп ертегілер оқып, баланың ішкі әлемін дамытуға күш салады. Кітапханашылардың ұйымдастыруымен өтетін осындай мазмұны терең, тәрбиелік маңызы зор игі шаралар болашақ ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік, өнегелілік, бауырмалдық, еңбекқорлық қасиеттердің оянуына септігін тигізері сөзсіз.