Ұстаз қашанда шәкіртіне үлгі. Ұстаздың алдын көрген, дұрысы тәрбиесін көрген бала ешуақытта да ұлтын ұятқа қалдырмайды. Сондықтан да бүгінде білімі мен білігі сай, тәжірибелі ұстаздар қауымы қашанда оқушыларына оң бағыт беріп, білімнің қайнар бұлағынан сусындатуға барын салуда. Оңтүстік Қазақстан облысының мұғалімдері бүгінде шәкірт тәрбиелеу жолында сүбелі үлес қосуда. Жуырда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Ордабасы аудандық білім және ғылым қызметкерлері арасында «Намысты жанып, рухты шыңдап…» атты патриоттық өнер байқауы өтті. Аты айтып тұрғандай мұғалімдер өздерінің шәкірт тәрбиелеу жолындағы өрелі істерін ортаға салып, тәжірибелерімен алмасты. Бүгінгі таңдағы озық технологиялы оқу үрдісінен хабардар етіп, оқушылардың сабаққа деген ынтасын қалай арттыруға болады сынды байқау барысында назарға ұсынды. Одан бөлек ауданның түкпір –түкпірінен келген ұстаздары бұл іс-шара барысында өздерін тағы бір қырынан танытып, өнерлеріне тәнті етті. Байқау нәтижесінде бас жүлде «Айзере» балабақшасының тәрбиешісі Көпжанова Арайға бұйырды. «Диамурлық» Ысқақова Дана — І, «Аяналық» Сүйіндік Талшын — ІІ, Б.Нұрлыбеков атындағы мектеп мұғалімі Серікбаев Ғарифолла ІІІ орынға тұрақтады. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарды ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Мұсаева Рахима, аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Маханова Замира құттықтап, бағалы сый-сияпат жасады.