Биыл Қожаберген Толыбайұлының дүниеге келгеніне 360 жыл және «Ақтабан Шұбырынды, Алқакөл – сұлама» кезеңінен сыр шертетін «Елім-ай» дастанына 300 жыл толады. Бүгін «Фараб» кітапханасының концерттік залында осы айтулы даталарға орай Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынды «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев жүргізіп отырды. Басқосуда алғашқы құттықтау сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев конференцияға арнайы келген қонақтарға алғыс білдіріп, облыс әкімінің сәлемін жеткізді. – «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп басталатын, сол заманның бейнесін суреттеген өлең жолдары қазақ халқының қиын кезеңдерімен тұспа-тұс келгенін айғақтайды. Қожарберген жыраудың сол кезеңдегі бұлжымас ата заңның баламасындай болған «Жеті жарғының» авторларының бірі ретіндегі орны бөлек. Тәртіп пен теңдікті ту еткен бабаның қайраткерлігі өзінен кейінгі бірнеше буынның ел басқару ісіндегі бағдарына айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытаудағы құрылтайда «Бір кездері ұмытылып кеткен ұлт перзенттерінің есімін қайта жаңғыртуымыз керек. Ел тағдырын айқындаған тарихи оқиғаларға лайықты баға берген жөн» деген болатын. Бүгінгі басқосу сол кезеңдегі оқиғалардың қазіргі кездегі зерттелуіне, тарихи бағасын алуына және осы бағыттағы жұмыстардың жүзеге асуына мұрындық болады деп сенемін, – деді Бейсен Тәжібаев. Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Түркі халықтары Жазушылар Одағының төрағасы Есдәулет Ұлықбек, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Ауыл шаруашылығы академиясының президенті, профессор Есболов Тілектес, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Негимов Серік, Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қожамжарова Дария, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталығы төрағасының бірінші орынбасары, т.ғ.д., профессор, академик Озғанбаев Өмірзақ тарихи тұлға және дастан туралы құнды баяндамалар жасады. Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеу орталығының жетекшісі, т.ғ.д, профессор Әбжанов Хангелді, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, т.ғ.д. Аманжол Күзембайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Құлбек Ергөбек, Шымкент педагогикалық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Сүгірбаева Гүлжан, филология ғылымдарының докторы, доцент, «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар» ҒЗИ директоры Боранбаев Сандыбай, аты аңызға айналған өнер қайраткері, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов және өзге де тұлғалар сөз сөйледі. Конференция барысында бүгінгі тақырып төңірегіндегі терең ізденістер мен тың мәліметтерден тұратын баяндамалар жасалып, жарыссөз ұйымдастырылды. Сондай-ақ ұсыныс-пікірлер айтылды. Бабалар есімін жаңғырту, ұлы тұлғаларды ұрпақ санасына сіңіру мақсатындағы шарада шара қонақтары тереңінен ой қозғап, көрермен қауым тың мәліметтерге қанық болды. Спикерлер Түркістанның рухани орталыққа айналғанына да тоқталды. Осы айтулы шара аясында «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры республикалық «Елім-ай» жыры және Қожаберген батыр – Қазақ елінің намыс пен ерлік айнасы» атты жыр мүшәйрасын ұйымдастырған болатын. Қазылар алқасының шешімімен Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып) бас жүлде иегері (1 000 000 теңге) атанды. Көкбөрі Мүбәрак І орынды еншілесе (500 000 мың теңге), Үмітбек Бағдат ІІ орынды (300 000 мың теңге), Нұрбек Кеңесбай мен Әлібек Азамат ІІІ орынды (200 000 мың теңге) иеленді. Ал Дәурен Тілеухан ынталандыру сыйлығымен (150 000 мың теңге) марапатталды.