…бұған қарсы дау айта алмассыз. Сахнада мың бұралған бишілердің биіне қарап отырып сұлулық пен әсемдікті сезінесің. Би адам баласына эстетикалық ләззәт сыйлауымен құнды. Қандай да би болмасын, ол ой айтуы керек. Оның мазмұны болуы керек. Биші биі арқылы көп нәрселерді түсіндіре алады. Бүгінде мерекелік қойылымдарда, әншілердің жеке концерттеріне арналып қойылған билерге қарап отырып қарның ашады. Жасырары жоқ, соңғы әлетте қазақ билері тым еуропаланып бара жатқан сықылды. Жаһанданудың жалына жармасқыш, жаңашыл би қоюшылар ұлттық үрдісті елеп ескергісі келмейді. Күрделі қимылдар жоққа тән. Ұлттық нақышты айтпағанның өзінде. Классикалық өнердің отаны саналатын кәрі құрлық Еуропада балетті өнердің асқар шыңы санайтыны рас. Осы еуропалық үлгіге еліктей ме, әлде тым «қазақбайский» болып көрінуден қорқа ма, біздің бишілер де, биді дайындаушылар да ұлттық нақыштан алыстап бара жатыр. Олар ұлттық бидің терең тамырына бойлай алмайды. Сезінуден де мақұрым. Ұлттық биіміздің қазақы рухта өрілгеніне не жетсін! Алайда бұл арманнан да алыстап бара жатқандаймыз. Әлемге әйгілі биші Айседеро «Биші биді тек өз халқының нақышында, ұлттық нақышта беріле орындағанда ғана өзге билерді тереңдеп билей алады. Сонда ғана өзгелердің көңілінен шыға алады» деген екен. Бұл қағидаға құлақ асатындардың қарасы да сирексіп барады. Қазақ биінің негізін қалап, сахнаға лайықтап, теориясын жасаған Шара Жиенқұлованың ізін басып келе жатқандар баршылық. Алайда жалғыз жарым олардың «шаңы шыға бермейді». Би өнерінің терең тамырлы қойнауына бойлап, нәр алған олардың да бүгінгі билерге қарсы айтар уәждері аз емес. Бірақ оны құлаққа ілер жан табылмаса не шара? Тіпті, кейбіреулер «қазақта дәстүрлі би өнері болған емес» деп дау айтып, ашық күнде адасып жүр. Осы пікірге қарсы кезінде шетелден келген биші Шұғыла Сапарғалиқызы нүкте қойғандай болып еді. Шұғыла жеке концертін өткізгенде қазақ би өнерінің осыншалықты бай екендігіне, ұлттық нақыштағы қимыл қозғалыстың соншалықты әсемдігіне тәнті болғанбыз. Оның өнеріне тамсанбаған жан қалмаған-ды. Әншейінде би дегенге «секектеу ғой» деп мұрын шүйіре қарайтындардың аузына құм құйылған-ды. Өз өнеріне талайды тамсандырған сол Шұғыла бүгінде сахнадан көрінбей кетті. Тіпті, әншейінде аузын ашып ән айтқанның бәрін жұлдызға теңеп сұхбат алғыш газеттердің де нағыз талант Шұғыланы қайда кетті деп іздеу салып жатпағаны таңғалдырады…
Қазақи мән мағынаға толы би бізде көп. Бірақ соның үдесінен шығып орындай алатындар аз. Бір ғана «Айша бибі» мен «Алтынайдың» өзі неге тұрады? Орындалуы өте қиын осы екі биде де ұлттық рух сұрапыл. Нағыз қазақ екендігіңді сезіндіретіндей де. Ал, енді 90-шы жылдардан бері қарай қойылып жүрген билердің бәрі шедевр деп айта алмайсың. Бәріне күйе жаға салуға болмас. Дегенмен тым батысшылданып кеткен билер көрерменнің қызығушылығын тудырмайтыны тағы анық. Бидің техникасы сақтала бермейді. Бұрыннан орындауда бар қимыл қозғалыстарды қайталау басым. Жеке билерден бөлек кейбір әндерге қойылған билерге қарап отырып кейде көңіл қоңылтақсиды. Би емес, «физзарядка»сияқты. Тіпті, кейде көшеге киетін киіммен де билей береді. Мұндайда сахна мәдениеті жайлы әңгіме қозғаудың өзі артық…
Астананың 10 жылдығына арналған мерекелік концерттегі билерді көріп отырып, көңіліміз пәсейді. Мемлекет басшылары қатысқан алғашқы күнгі мерекеде Ресей президенті Медведев те концерт тамашалады. Мерекеге арнайы дайындалған би Ресей мен Қазақстанның достығына арналды. Ортаға шыққан қыз Ресейдің мемлекеттік туы түстес киім киіпті. Ал, жігіт Қазақстанның жалауын жамылған. Бұл биді қойғандардың қазақы ұлттық дәстүрден мақұрым екендігі белгілі болып-ақ қалды. Әртүрлі қимылға салып, барынша әспеттеген биші қыз жерде жатқан жігіттің, (яғни, Қазақстанның) басынан олай да аттады, бұлай да аттады. Қазақы салт-дәстүрімізге сайсақ, адамның басынан аттау барып тұрған көргенсіздік болып саналады. Бидің аты би ғой дегенмен де, ұлттық рухта болмаған би кімге қуаныш сыйламақ? Қызығы дейміз бе, әлде шыжығы ма мұнымен де бітпеді. Жігіт жалғыз қолымен биші қызды төбесінде «ойнақтатты». «Ресейге қаншама жыл бодан болдық. Әлі де қас қабағыңа қараймыз…» дегенді айтқызбай –ақ ұқтырып тұрғандай-ды. Медведев мәз болды. Сірә, биді қоюшыларға алғыстан басқа айтары болмаса керек. Кім білген, биді әркім өз өресіне қарай әртүрлі қабылдар. Дегенмен бұл бидің көптің көкейінен шықпағандығы анық. Бұл бидің не «айтқысы келгендігін» көкірегі ояу, көзі ашық адамның түсінбеуі мүмкін емес… Ұлық өнер — бидің де айтары болмаса, ұлттық нақыштан алыстау құрылса, өз қадірін өзі кетірері сөзсіз. Би қоюшылардың өресі биік болса дейсің, осындайда…