Рәміз белгілердің тарихы мен мазмұнынын зерттейтін арнаулы ғылыми сала геральдика деп аталатыны белгілі. Ол тарих ғылымының бір саласына жатады. Латын тілінен аударғанда жаршы деген мағынаны білдіреді. Еуропа корольдерінің сарайында гербтерді тіркейтін, жүйелейтін, жаңа гербтердың сызбасын жасап шығаратын арнайы мамандар болған. Оларды герольдтар деп атаған. Бертін келе олар «Герольдия» деп аталатын мекемеге біріктірілді. 1722 жылы Ресейде гербтерді тіркеп отыру үшін Сенат жанынан арнайы герольдмейстерлік кеңсе құрылды. Олар сан жылдар сорабынан өткен герб тарихын зерттеп, бір жүйеге келтірді. Сөйтіп гербтердің суреттерін, мазмұнын, тарихын қамтитын арнаулы жинақтар шығарды. ХХ ғасырдың басында осындай жинақтардың саны 20 томға жетті. Осы томдықтардың ішінде 1649-1900 жылдар аралығында шыққан заңдар жинағында Қазақстан қалаларының ертедегі гербтері туралы деректер бар. Оның ішінде Петропавл, Верный, Орал, Семей, Торғай, Ақмоланың гербтері бар… Ерте замандардан бастауын алған геральдика ғылымы бүгінде елімізде қай деңгейде дамыған?
Жаздың алғашқы айы маусымның 4-інде мемлекеттік рәміздер күні тойланады. 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Қазақстан Республикасы мемлекеттік Рәміздері» туралы заңы күшіне енгені белгілі. «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңда Туды, Елтаңба мен Әнұранды дұрыс қолданбағандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады деген бап бар. Бұл әрине, азаматтардың рәміздерді құрметтеуге үндейтіні анық. Аталған заңның 5-бабында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының көлемі басқа тулардың көлемінен кіші болмауға, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдардың тулары мемлекеттік туымызбен бірдей болмауға тиіс делінген. Алайда, осы Заң талабы көбіне ескеріле бермейді. Мәселен, кейбір қаржы тапқыш компаниялардың өз тулары бар. Соны кейде мемлекеттік тудан да үлкен етіп жасап, іліп қояды. Соны байқап, жауапқа тартып жатқан жан жоқ. Мұндай мысалдарды кез-келген банктер мен қонақ үйлердің алдынан кездестіруге болады. Оның үстіне көк туымыздың түсі оңып, күнге күйіп, жыртылып кетсе де, ауыстырылмай тұра беретін жағдайлар да жиі көрініс береді. Заңда, Мемлекеттік Ту мемлекеттік стандартқа сәйкес келмеген жағдайда ол Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен ауыстырылуға және жойылуға тиіс делінген. Мұндай келеңсіздікпен күресте осалдық танытып жатқанымыз анық. Сондай-ақ, Мемлекеттік Ту мемлекеттік мекемелерден бөлек жеке үйлерде де тігілуі мүмкін делінген. Жеке үй түгілі кейде тіпті мемлекеттік мекемелердің өзінен туды көре алмай пұшайман болатын жағдайлар жиі кездеседі. АҚШ пен Еуропаның ірі мемлекеттерінде, сондай-ақ Түркияда президенттердің кездесуінде ғана емес, кез-келген бұқаралық жиындарында жүздеген туларын желбіретіп қояды. Мұның астарында үлкен саясат жатқаны белгілі… Елімізде 10 шақты ғана кәсіпорынның Ту жасауға рұқсаты бар екен. Мемлекеттік рәміздерді лицензиялау арқылы тәртіп орнатуға да болады. Алайда оны жасау аясын тарылтпау қажет. Өткен жылы облыстық Әділет департаменті лицензиясы жоқ бірнеше фирманың жұмысын тоқтатты. Олардың бірнешеуі лицензиясы бола тұра мемлекеттік стандартқа сай келмейтін рәміздерді жасап шығарғаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Рәміз жасауда қарапайым ғана қағидаларды сақтамаған. Біреуінде тудың көлемі кіші болып шықса, екіншісінде күн сәулелері негізгі стандарттан ауытқып мүлде басқаша сипат алған. Бұл дегенің туға деген, рәміздерімізге деген «құрметіміздің» қандай екенін көрсетсе керек…
Алашнама
Швеция, Ресей, Литва сынды бірқатар елдерде Ұлттық ту күні мерекесі тойланады. Ал, елімізде 4 маусым тек ту күні ғана емес Мемлекеттік рәміздер күні деп белгіленген.
Ту-ақпарат
Әлемде 200-ге жуық мем¬лекет бар болса, соншама ту бар. Ең көне ту АҚШ –тыкі болып саналады. Оның алғашқы нұсқасының жасалғанына 200 жылдан асқан. Алпауыт мемлекеттің алғашқы туын үй шаруасындағы әйел ой¬лап тауыпты. «Апама жездем сай …» болып оның күйеуі де шебер екен. Әйелі тудың суретін салып, матаға тіксе, күйеуі тудың сабын әзірлепті. Осы ту көптің көңілінен шыққан екен. АҚШ-тың бүгінгі туы алғашқы нұсқасынан ауытқымаған, жетілдірілген түрі.
Қазақ туының мазмұны
Геральдика яғни, гербтану ілімінде – көк түс адалдық пен сенімділіктің белгісі. Ежелгі түркі тілінде «көк» сөзі аспан деген ұғымды білдіреді. Ол түркі халықтары үшін қасиетті ұғым. Нұр шашқан алтын күн тыныштық пен татулықтың, байлықтың белгісі. Қанатын жайып қалықтаған құс еркіндіктің белгісі. Себебі қыран — өте биікке ұшатын әрі ұзақ жасайтын құс. Ұлан-байтақ кеңістікте қалықтаған қыран құс елдің еркіндік сүйгіш асқақ рухының белгісіндей.