«Абылай ханның арманы» қайта сахналанды
Жуырда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрындаболып, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай әзірленген «Абылай ханның арманы» атты тарихи драмасын тамашалады. Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында «Абылай ханның арманы» атты тарихи драмасы бірқатар өңдеуден өтіп, көрерменге қайта ұсынылды. Аталмыш қойылымды Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықовамен бірге елордадағы зиялы қауым өкілдері де тамашалады. Авторы – белгілі жазушы, драматург Думан Рамазан, қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Бұл Д.Рамазан мен Б.Ұзақов шығармашылығындағы екінші тарихи туынды болмақ. Бұған дейін 2010 жылы драматург пен режиссер үндестігінде «Кенесары – Күнімжан» атты тарихи драма дүниеге келіп, бүгінгі таңға дейін көрерменнің сүйікті қойылымына айналған. Шығарма Абылай ханның жоңғар тұтқынына түскен кезінен басталады. Абылай ханның қазақ халқын өмір өткелегінен қалай аман-есен алып шыққаны баяндалады. Бұл шығармада ұлы ханның көшбасшылық қасиетімен бірге, адами болмыс-бітімі, қайраткерлігі, саясаткерлігі, ақыл-парасаттылығы, ержүрек батырлығы жан-жақты ашып көрсетіледі.Қойылым соңында Г.Әбдіқалықова қорытынды сөз сөйлеп, тарихи тақырыптағы аталған спектакль Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде мерекелеу жөнінде қабылдаған саяси шешімінің аясында қойылып отырғанын айтты. Мемлекеттік хатшы алдағы уақыттаосындай тағылымды мәдени іс-шаралар өткізу арқылы Абылай ханның Қазақ елінің тарихындағы саяси-қайраткерлік ролін халықтың жадына сіңіруге, сол арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеуге, мұндай қадамдар, түптеп келгенде, қазақ халқының тарихи санасын жаңғыртуға және өзін-өзі тануына айрықша жол ашатынын атап өтті. Қойылымда Абылай ханның ролінбелгілі актер – Қуандық Қыстықбаев, сонымен бірге, бас кейіпкерлерді ЖанқалдыбекТөленбаев, Жәнібек Мұсаев, Қасымхан Бұғыбай, Айман Карпсейітовалар сомдады.