
фото АҚДІЖБ
2025 жылғы 17 ақпанда Алматы қаласында «Бірнеше номинациялар бойынша дін саласының өзекті мәселелері туралы үздік материалдарды (мақалалар, роликтер және т.б.) дайындау шығармашылық байқауының» басталуына орай арнайы баспасөз конференция өтті.
Байқау Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша «Жаухар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қоры» қоғамдық қорымен ұйымдастырылуда.
Байқауды ұйымдастырудағы басты мақсат – бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы халықты дін саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары мен экстремистік және радикалды діни ағымдар идеологиясының зияндылығынан хабардар ету. Журналистер мен БАҚ-ты, сондай-ақ дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша материалдар жариялайтын басқа да азаматтарды қолдау.
Байқау келесі номинациялар бойынша өткізіледі:
- Үздік пікір;
- Әлеуметтік желілердегі үздік тақырыптық пост;
- Үздік мотивациялық сөз және үндеу;
- Интернет-ресурста қазақ тіліндегі үздік мақала;
- Интернет-ресурста орыс тіліндегі үздік мақала;
- «Инстаграм» әлеуметтік желісіндегі үздік бейнеролик;
- «Тикток» әлеуметтік желісіндегі үздік бейнеролик.
Аталған 7 номинация жеңімпаздары мен одан бөлек 10 қатысушыға берілген ынталандыру сыйлықтарының жалпы жүлде қоры 3 500 000 теңгені құрайды.
Байқауға қатысушылардың материалдары ереже талаптарына сәйкес,
2025 жылғы 1 қазанға дейін almaty.baiqau.2025@mail.ru ресми поштасына жолдану керек. Әрі қарай арнайы құрылған қазылар алқасы барлық келіп түскен материалдары қарап, өз бағасын береді және жеңімпаздарды анықтайды.
Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 2025 жылғы қазан айының соңында өтеді.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Бақдәулет Әбдіхамитовтың сөзінше бұл байқаудың басты мақсаты радикалды діни көзқарастың, діни экстремизм мен терроризм идеологиясының қауіптілігі туралы мазмұнды және қызықты материалдарды дайындауға
БАҚ өкілдері мен өзге де адамдарды ынталандыру. Байқау бірнеше жыл қатарынан жүзеге асып келеді және жыл сайын осы мәселеге қызығушы азаматтардың қатары көбеюде. Жобаның тиімділігін арттыру үшін қоғам мен әлеуметтік желі қолданушыларының сұранысына орай әр жылда номинациялардың түрлері мен саны өзгеріп отырады.
Бұдан бөлек, байқаудың басты шарттарының бірі бұрын жасалған немесе басқа мемлекеттік органдардың тапсырысымен дайындалған материалдар болмауы тиіс. Келіп түскен барлық материалдар тек арнайы осы байқау аясында әзірленуі керек.
Байқаудың басқа да шарттары туралы ақпараттармен танысу үшін төмендегі сілтемеге өтуге болады: https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-din/press/news/details/939565?lang=kk