Бүгінде мәселенің салдарымен емес, себебімен күрескен әлдеқайда тиімді екендігіне көз жетті. Сол себептен де адасудың аз аз ақ алдында жолайырықта тұрған жастарды өзге діннің жетегінде кетпес үшін алдымен ағарту жұмыстарымен айналысқан дұрыс. Әрине түсіндіру жұмыстарының берері көп. Сол жұмыстардан санасына аз ғана сәуле түскен жас ешқашан да азғырушылардың торына түспейді. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облыстық ақпараттық түсіндірме топ мүшелері аудандардағы шалғай ауылдарға дейін барып түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Жуырда ОҚО дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің бөлім маманы И.Абулхайров Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылында «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың жолдары мен бағыттары» атты кездесу ұйымдастырып, жиылған жастарға аталған тақырып бойынша кеңінен насихат жұмыстарын жүргізді. Кездесу барсында И.Абулхайров қоғамдағы орын алып отырған діни-ахуалдық мәселелер, экстремистік және террористік бағыттағы ислам дінін жамылған радикалдық ағымдардың арбауына түспеу жолдарын кеңінен түсіндірді. Жастарға түсінікті тілмен діни ағымдардың мәні, әсіресе дәстүрлі емес бірлестіктер және діни лаңкестікті алдын алу туралы хабардар етті. Сонымен қатар, бүгінгі күні бүкіл әлемге қауіп төндіріп тұрған экстремизмнің пайда болуының негізгі себептерін атап көрсетті. Осы қауіпті індеттің дамуының басты факторларын, дәстүрлі емес діни ағымдардың тас үстіне шыққан мүктей қаптап кетуінің себептеріне тоқталды. Сондай-ақ, экстремизм мен дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы күрестің нақты жолдарын атап көрсетті. Түсіндірме жұмыстарының басты міндеті ұзын сонар баяндама оқу емес, оның қатысушылардың санасына сіңіру, ертеңгі күні қауіпті індеттен бойын аулақ ұстайтындай темірқазық қылып қаға білу болса керек. Кездесуді ұйымдастырушылар осыны қаперге алған. Қатысушыларды сұрақ жауапқа тарта отырып, қызықты етіп өткізе білді. Кездесуге келгендер көкейлерінде жүрген сұрақтарына нақты жауап алумен қатар, дәстүрлі емес діни бірлестіктердің қызметтеріне байланысты мәселелерді реттеудегі мемлекеттің айқындамасын нығайту жөніндегі бірқатар ұсыныстарын айтты. Бұдан кейінгі кездесу Төлеби ауданы, Леңгір қаласында жалғасын тапты. Жиын тақырыбы «Деструктивті ағымдардың ықпалының алдын алу» деп аталады. Аталмыш кездесуде ОҚО дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің дінтанушы мамандары қатысты. Кездесу барысында тұрғындарға діни экстремизмнің адамдар арасына іріткі салуға, өшпенділік отын тұтатуға, қантөгістер ұйымдастыруға жол ашатынын, пиғылы бөтен, қазақтың болмысына жат ағымдарға қазір тосқауыл қоймасақ, бірлігімізге сызат түсетіндігін түсіндірді. Өзгенің үгіт насихатының арқасында қауіпті ағымдарға кіріп кеткен жастардың басты қателігі әрине діннен хабары жоқтығынан. Ақиқатты ащы болса да мойындауға тиіспіз. Бүгінде дүниенің төрт бұрышында орын алып отырған дүрбелеңнен бәрі де хабардар…
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мынадай жолдар атап көрсетілгені белгілі: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін — ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» делінген.
Елбасымыз «Экстремизммен күрес әйтеуір жазықтыны іздеп табуға айналып кетпеуге және дінмен күреске жалғасып кетпеуге тиіс», — деп шегелеп айтқанын естен шығармаған жөн. Яғни Мемлекет басшысы мұнда шынайы дін мен сол дінді бетперде еткісі келетіндердің аражігін ажыратып берген.
Кездесу соңында И.Абулхайров ауыл тұрғындарына жат діни ағымдардан сақ болуға, халқымыздың діни ұстанымы мен салт — дәстүрлерін қастерлеуге, отансүйгіштікке шақырды. Әрине мұндай кездесулердің санасы солқылдақ жастар үшін берері мол. Ұзақ сонар баяндамалардан көрі жастардың өздеріне сауал тастай отырып, оның жауаптарын беріп, жас өскіннің көзін ашқан әрине ғибратты жұмыс.
Дәулет Бейімбет