Тарихқа көз жүгіртсек, қандай қоғам болмасын діни сенім, рухани ұстаным – мемлекет үшін маңызды тіректердің бірі саналған. Кешегі арысы үш ғасыр, берісі жетпіс жыл адам санасын материалдық мүмкіндіктермен шектеген Кеңестік кезеңнің қабырғасы сөгілгеннен соң қазақ топырағында Хақ сенім қайта түлеп, халықтың рухани кеңістігі түбегейлі өзгерді.
Бүгінгі күні дін қоғамның әлеуметтік және рухани өмірінің түпқазығына айналды. Ата дінін таныған жұрт өз дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғыртуға талпыныс жасауда. Аллаға шүкір, тәуелсіздік алғалы Отанымызда ата дініміз қанат жайып, құбылаға бет бұрған жандар қатары көбеюде.Қазақстанның тарихы мен мәдениетінің ондаған ғасыры Ислам дінімен егіз өріліп, мұсылманшылық қағидаттары ертеден қалыптасты. Ата-бабаларымыз саф дінді қылыштың жүзімен емес, үлкен парасат-пайыммен, ерікті түрде қабылдап, сан салалы мәдениетімен, руханиятымен ұштастыра білді. Бұл сөзімізге тарихымыздың ақтаңдақ беттері куә.Соңғы уақытта бұлыңғыр саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін, дінді қалқан етіп, теріс түсіндіріп, қоғамда исламафобтық көзқарасты қоздырушы топтар да көбейіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, маргиналды топтар дінді саясиландырып, экстремизм дәнін әлемге шашып әлек. Тіпті, бүгінгі замандағы терроризм мен экстремизм ұйымдасқан трансшекаралық қылмыспен тығыз бірігіп кетті десе де болады. Діни экстремизм түсінігінде «өзіңе қалағаныңды басқаға да қала» деген қағидалар болмайды. Олардың басты қаруы – қатыгездік пен шапқыншылық, тұрақсыздық пен бұзақылық.
Шын мәнінде Хақ діннің зорлық пен зомбылыққа, экстремизмге ешқандай қатысы жоқ. Исламда – экстремизм, экстремизмде – ислам жоқ. Пайғамбарымыздан мирас болып, ата- бабамыздан аманат күйінде жеткен асыл дініміз еш уақытта қатыгездік пен қантөгіске үндемеген. Шынайы діннің негізгі мақсаты – адамзатты рухани кемелдікке жеткізіп, осы дүниеде және бақилық өмірде бақытқа жеткізу болып табылады.Экстремизм мен әсіре-діншілдіктің басты себебі – діни сауатсыздықтан басталады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің, 190-шы аятында
«…Шектен шықпаңдар. Негізінен Алла Тағала шектен шығушыларды жақсы көрмейді» деп, әр нәрсені байыппен шешуді бұйырған.
Осы орайда, діни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл діни сауаттылық екендігі даусыз. Діни сауатты болу үшін белгілі бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан тұрады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көре алар еді.
Құранда «Бір жазықсыз адамды өлтірсең, бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей» деген сөз бар. Сондықтан, терроризмді жалпы адамзаттың жауы деп санау керек. Бұл ретте дінбұзар бүлікшілер «Жиһад – қасиетті соғыс» деп өте қате пікір таратып жүр. Осы бағытта өзін-өзі жару, құрбан ету, тіпті санаға сыймайды. Сол себептен де, жасалып жатқан барлық лаңкестік әрекеттерді дін үшін жасалған күрес емес, қайта керісінше дінге қарсы бағытталған күрес деп түсінген жөн.
Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық орталық мешітінің найб имамы