Құрметті Түркістан облысының тұрғындары! Саяси қуғын-сүргін кезінде ата-бабалары мен туған туыстары қуғын-сүргінге ұшырап, түрлі қиындық көрген жазықсыз жазаланғандардың ұрпақтары! Өткен ғасырдың 1928-1938 жылдар аралығында бүкіл КСРО-ның құрамындағы республикалардың басына төнген қара бұлт кімге де болса қара оңай тимеді. Біріне-бірі айдап салып, «халық жауысың» деп нақақтан күйдіріп, қарапайым малшыдан бастап ел басқарған айтулы азаматтарымызға дейін жазықсыз жаланың құрбаны болды. Ашаршылық, қуғын-сүргін әрбір үйдің шаңырағын ортасына түсіріп, оларды елден, туған жерден бездіріп жіберді. Шекара асып шетелге кетті. Елде қалғаны ұсталды, атылды. Міне, осынау қасіретті жылдарда бірі әкесінен, бірі бауырынан көз жазып, тіпті олардың қай жерде, қаша атылғанын, денелері қай маңда жерленгенінен бейхабар жандар мүлде көп. Биылғы жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия «Халық жады» (Память народа) атты естелік кітаптарын дайындауға кіріскенін үлкен қуанышпен жеткізгіміз келеді. Бұл жинақта қуғын-сүргін құрбандары мен олардың ұрпақтарының естеліктері, 1930-1950 жылдары туған, ата-аналарының трагедиясын еске түсіретін куәгерлердің, аға буынның куәліктері жинақталады. Қуғын-сүргінге ұшыраған бай-құлақтар, халық көтерілістеріне қатысушылар, Алаш қозғалысы, Алашордаға қатысты тұлғалар мен ниеттестер, Қазақстаннан басқа жаққа амалсыз көшкен босқындар, ГУЛАГ лагерьлерінің тұтқындары, әскери тұтқындар, жер аударылғандар және арнайы қоныс аударушылар, діни қызметкерлер өкілдері және т.б. тұлғалар туралы естеліктер, құжат көшірмелері, т.б. мәліметтер қамтылады. Осыған орай, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Түркістан облысының өңірлік комиссиясы 1920-1955 жылдар аралығында қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың ұрпақтарынан естелік-әңгімелер мен мәліметтерді, құжаттар мен фотоларды жинақтауда. Сапалы жазылған естеліктер мен материалдар редакция алқасының ұйғарымымен саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы естеліктер кітабына енгізілетін болады. Егер сіздің ата-әжеңіз немесе басқа да туыстарыңыз қуғын-сүргінге ұшырап, сотталса, жер аударылса, ол жайында қандай да бір ақпарат білсеңіз, ата-әжелеріңізден естіген әңгімелер жадыңызда қалса, бізге хабарласыңыз. Бұл аса маңызды, ел тарихы үшін өте қажетті жұмысқа барлық ынталы адамдар: тарихшылар, өлкетанушылар мен журналистер, кітапханашылар, мектеп мұғалімдері және мектеп оқушылары жаппай атсалысуын сұраймыз. Бізге жіберілетін ақпаратта саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаның аты-жөні, туған жылы, туған жері, руы, мүмкіндігінше толық шежіресі, атқарған қызметі, қуғын көрген жылдары, не үшін қудаланғаны, қандай жаза алғаны, ұрпақтары, т.б. мәліметтер барынша толық қамтылғаны дұрыс. Материал көлеміне шектеу қойылмайды. Бізге байланысқа шығудың өзіңізге қолайлысын таңдаңыз: 1.Сапалы жазылған материалдарды partarhiv_shm@mail.ru электронды почтасына жолдауға; 2. Шымкент қаласы Тауке хан даңғылы, 6 (Түркістан облысының қоғамдық саяси архив ғимараты) мекен-жайы бойынша келуге (телефон арқылы алдын ала хабарласып, уақытын келісіп алыңыз) болады. Бізге келуге мүмкіндігіңіз болмаса, біз барып сұхбат ретінде жазып алуға дайынбыз. Мекен жайларыңызды жазыңыздар. Өңірлік комиссия мүшесі, комиссия жанынан құрылған облыстық жұмысшы топ жетекшісі Шардарбекова Гүлнар Сәдібекқызы, 87015860928. Өңірлік комиссия мүшесі, комиссия жанынан құрылған облыстық жұмысшы топтың «Халық жады» бағыты бойынша жетекшісі Әшірбаев Бахытжан Шәкірұлы, 87014778359.