Мемлекет басшысы өткен жылы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын. Сол Жолдауда ірі экономикалық әрі саяси реформалар іске асатыны айтылды. Соның бірі – сайлау жүйесін жетілдіру болатын. Бір жылдың ішінде ол бастамалар іс жүзінде іске асып та үлгерді. Биылғы ҚР Парламенті мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлауда көз жеткіздік. Бұл сайлауда мәжіліске депутаттар 70 пайыз партиялық тізіммен енсе, 30 пайыз мажоритарлық тәсілмен сайланды. Сондай-ақ, мәслихатқа депутаттар 50 пайыз партиялық тізіммен, 50 пайыз мажоритарлық жолмен еніп отыр. Ал аудан-қала мәслихаттарына 100 пайыз мажоритарлық тәсілмен сайлауға түсті. Бұл да сайлау жүйесіндегі елеулі өзгеріс болды. Сонымен қатар, саяси партияларды тіркеу жеңілдеді. Бұрын тіркеу шегі 20 мың болса, қазір 5 мың адамға азайды. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетілді. Мәселен, биыл 7 партия тіркеуден өтіп сайлауда сынға түсті. Жуырда ғана орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс сайлауының қорытындысын жариялады. Партиялық тізім бойынша сайлау қорытындысымен «Amanat» партиясы — 53,90%, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы — 10,90%, «Respublica» партиясы — 8,59%, Қазақстан Халық партиясы — 6,80%, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы — 2,30%, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы — 8,41%, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия — 5,20% жинады. Бұл сайлауда партияларға да, үміткерлерге де бірдей мүмкіндік берілді. Қандай да бір саяси ұйымға ешқандай артықшылық берілген жоқ. Су жаңа депутататар елімізбен қоғамның жаңаруы жолында және халықтың әл-ауқаты мен елдің экономикалық жағдайы көтерілуі үшін жұмыс істейтін болады. Жаңа депутаттардың жұмысының қаншалықты тиімді болғаны осылайша бағаланбақ. «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауынан бастап елімізде әрбір салада іргелі әрі жүйелі өзгерістер орын алып жатыр. Бастысы, бастамалар халықтың көңілінен шығып жатыр. Айдар Сейдазым, Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы