Сұлтанахмет мешітінің алаңына жақын маңда орналасқан Араста базарының тағы бір атауы – Атты әскерлер базары. Осман империясы кезінде атты әскерлерге қажетті заттарды сатқан базар бүгінде жершілікті және шетелдік туристер жақсы көретін тарихи мекенге айналған. Шағын базардың ішінде түрлі кәдесыйлар, кілем, Изник қаласында өндірілген керамикалық заттар, орамал, төсекорын жабдықтары, киім-кешек, басқа да текстиль өнімдері, түріктің ұлттық тәттілері мен дәмдеуіштері сатылатын 70-тен астам дүкен жұмыс істеп тұр. Осыдан 100 жылдай уақыт бұрын (1912 жылы) шыққан алапат өрттен базар айтарлықтай зардап шегіп, көп бөлігі күлге айналады. Алайда жергілікті билік қалпына келтіру жұмыстары арқылы базарды пайдалануға берді. 1930 жылдары ұйымдастырылған қазба жұмыстарының нәтижесінде, базардың византиялықтар дәуірінен қалған ғтмарттардың үстіне салынғаны анықталды. Егер Стамбұлға барсаңыз, міндетті түрде Араста базарын тізіміңізге қосып қойыңыз. Тарихи маңызы бар мекеннің ерекше аурасын сезініп, дос-туыстарыңызға естелікке кәдесый сатып алып, Түркиядағы сапарыңызды ұмытылмастай етеді. Нәзия Жоямергенқызы.