Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арналған дәстүрлі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын жеткізді. Президент халқымыздың жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын айта келе, Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам екенін түсіндірді. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс екенін ескертіп, мынандай нақты бағдарлардың жүзеге асырылуын тапсырды. Олар жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту және заң және тәртіп. Соның ішінде президент атом электр стансасын салу мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн екендігін айтып өтті. Сонымен қатар, атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналғандығын түсіндірді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болатындығын баса айтты. «Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы осы бастамалардың Қазақстанның болашағын айқындайтындығын нақты жеткізе келе, алдағы жолдың қиындығына қарамай ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыруымыздың маңызылығына тоқталды. Ағымдағы Жолдау мемлекетіміздың экономикасын өрлеуі және халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсаруына қызмет ететіне кәміл сенеміз! Қуаныш Тасыбай, Журналист