Түркістанда «Азаматтық сектордың ұлттық даму стратегиясының ажырамас бөлігі ретінде, отбасылық және гендерлік саясаттың принциптері мен тәсілдерін жүзеге асырудағы рөлі» тақырыбында облыстық ХІ азаматтық форумы өтті. Алдымен көпшілікке әлеуметтік идеялар және жобалар жәрмеңкесі ұсынылды. Үздік жобалар таныстырылды. Маңызды жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды 40-тан аса үкіметтік емес ұйымның басын біріктірген «Түркістан облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығын 20 жылдық мерекесімен құттықтады. Қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттырып, жұмысын жандандыру керектігін айтты. – Түркістан төріндегі бұл іс-шараның азаматтық қоғамды дамытуға ықпалы мол деп есептеймін. Өңірдегі азаматтық қоғам институттары отаншылдықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың саны 2018 жылы 400-дей болса, биыл 611-ге жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы азаматтық қоғам институттарына, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметтеріне аса зор маңыз беріп отыр. Нәтижесінде жыл сайын үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау қаржысының көлемі арта түсуде. Сонымен бірге облыстағы бірқатар үкіметтік емес ұйымдар шетелдік қорлардың гранттарын жеңіп, түрлі бағыттарда жұмыстарын жүргізуде. Осы жиынды пайдаланып, үкіметтік емес ұйымдарды қоғамдағы аса өзекті проблемаларды бірге шешуге шақырамын. Мәселені айтып қана қоймай, оның шешу жолдарын ұсыну маңызды. Атап айтқанда, өңірімізде лудоманияға қарсы күресті жүйелеу, қаржылық сауаттылықты арттыру, ана мен бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту маңызды болып отыр. Облысымыздың негізгі драйверлері – ауыл шаруашылығы, туризм және кәсіпкерлік. Жұмыссыздық – біздің өңіріміздің ең басты проблемасы. Бұл салаларды дамытуға да қоғамдық ұйымдардың қайраткерлігі қажет. Сондықтан қоғамдағы осы проблемаларды шешу бағытында үкіметтік емес ұйымдарынан тың жобалар күтеміз. Оған қолдау көрсетіледі, – деген Дархан Сатыбалды азаматтық сектордың белсенді өкілдерін марапаттады. Жиында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрінің міндетін атқарушы Данияр Қадыров, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Бану Нұрғазиева және өзге де азаматтар мазмұнды баяндамалар жасап, әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Жиынды «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығы нысанындағы бірлестіктің төрайымы Инара Намазбаева жүргізіп отырды. Түркістан облыстық полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының жетекшісі, полиция подполковнигі Жанар Қалабаева ана мен бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Форумның күн тәртібінде отбасылық және гендерлік саясат мәселелері қаралды. Ұсыныстар беріліп, жоспарлар жасалды. Түркістан облысында 2 миллионнан астам халық бар. Оның 49,2 пайызы (1 070 484) – әйелдер. Қазір облыстағы 6411 мемлекеттік қызметшінің 1590-ы немесе 24,4 пайызын нәзікжандылар құрайды. Оның ішінде 256-сы немесе 16 пайызы басшылық лауазымдарды атқарып отыр. Облыс көлемінде 155 мыңнан астам кәсіпкер болса, оның 48 мыңға жуығы – ханымдар. Үкіметтік емес ұйымдар білім, балалар құқығын қорғау бағытында жемісті еңбек етуде. 2023 жылдың соңына дейін «Бестерек» жобасы аясында мектептердің 1200 педогог-психологы білімдерін арттырады. Мақсат – оқушыларға жаңа тәсілде психологиялық көмек көрсету. Сонымен бірге балалар мен жасөспірімдер арасында суицид пен зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында белсенді жоба іске асуда. Жиын соңында Астана қаласында өтетін «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» тақырыбындағы Қазақстанның ХІ Азаматтық форумына Түркістан облысы атынан қатысатын делегаттар сайланды.