Қазақстан-Франция жоғары оқу орындарының VIII халықаралық форумы екі ел арасындағы ғылыми және білім беру саласындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталды. ЖОО ректорлары, Франция бизнес-мектебінің өкілдері мен академиялық қауымдастық көшбасшылары сапалы білім берудегі өзекті мәселелерді талқылады. Форум аясында «Халықаралық ғылыми коллаборацияның даму болашағы» атты дөңгелек үстел өтті. Алқасөзге Франция мен Қазақстанның ЖОО өкілдері, кәсіпорын басшылары қатысты. Форум аясында екі тарап тәжірибе алмасып, болашақтағы ынтымақтастық бағыттарын айқындады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы — Ректоры Жансейіт Түймебаев алқасөзді ашып: «Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Франция Президенті Эмманюэль Макронмен кездесті. Екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады. Сондай-ақ білім-ғылым саласындағы әріптестік пен халықаралық мәселелер қарастырылды. Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық-стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамыту біз үшін өте маңызды», — деді өзінің құттықтау сөзінде. Францияның Қазақстандағы Білім беру саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі атташе Ксавье Ле Торривеллек (EHESS-Париж), Сулейман Демирель университетінің асс. профессоры Қ. Молдашев бірлескен ғылыми зерттеулер, жобалар, қос дипломдық білім берудегі өзекті мәселелерді қозғап, шешілу жолдарын ұсынды. Сан-Этин ұлттық университетінің департамент директоры Тьерри Дженизян ғылыми пікірталастан ақиқат туатындығын ұтымды жеткізді. Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының меңгерушісі М. Мансұрова 1431 жылы негізі қаланған Пуатье университетіндегі ғылыми тағылымдама туралы әңігімеледі. «Қазақстанда жұмыс істейтін Француз компанияларының инженерлер мен техниктерге сұраныстары» тақырыбындағы B2B кездесу де мазмұнды өтті. Франция бизнес-мектебінің (KEDGE, YSchools, IMT Atlantic, INP Grenoble, Phelma) және француз компанияларының өкілдері (BGDN, CCIFK), сондай-ақ ірі компания басшылары (қазақстандық «La Tartine», «Novotel» т.б.) қатысып, жұмыс берушілердің түлектерге қоятын талаптарды атап өтті, сапалы даярланған түлектерге зәру екендерін де жасырмады. Франция бизнесінің өкілдері Франциядағы мамандар даярлау ерекшелігіне, шетелдік компанияларда жұмыс істеуге қажетті құзіреттіліктерге тоқталды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Францияның 21 жоғары оқу орнымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Былтырғы оқу жылында 48 студент пен 23 докторант академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Францияда білім алса, биыл бакалавр, магистратура, докторантура деңгейіндегі 30-ға жуық жастар Францияның жоғары оқу орындарында білім алуда. Қазіргі таңда университетте Франциядан келген 11 студент оқиды. Университет ғалымдары франциялық әріптестермен бірлескен халықаралық жобалар орындап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Қос дипломдық білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Франциядан шақырылған профессорлар университетте дәріс оқып, докторанттарға ғылыми кеңесшілік жасап, бірлескен мақалалар жариялап келеді. ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы ЮНЕСКО кафедраларының коммуникация саласындағы халықаралық Орбиком жүйесіне енеді. Қазіргі таңда коммуникациялық технологиялар саласындағы білім беру мен ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастырып, ғылыми зерттеулерді жүзеге асырып, Орта Азия университеттеріне журналистік үздік тәжірибелерді таратып отырған орталық. 2018 жылдан бері кафедра ЮНЕСКО-ның Комуникацияны дамыту халықаралық бағдарламасы мен БҰҰ-Әйелдер өкілдігінің жобаларын орындап келеді. Осы уақытқа дейін кафедрада журналистік қауіпсіздік, климат өзгерісі, гендерлік теңдік, миграция мәселелері бойынша журналистік білім беруге қатысты бес жоба орындалды. Оқу үдерісіне Жаппай ашық онлайн курстары енгізілді. Орта Азияның журналистика университеттеріне, өңірлік журналистерге, баспасөз қызметі жетекшілеріне, ҮЕҰ өкілдеріне, әлеуметтік және денсаулық сақтау саласының, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, вебинарлар, семинар-тренингтер өткізді. ЮНЕСКО халықаралық ұйымының штаб-пәтері Парижде орналасқан. ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы әрбір төрт жыл сайын Парижге есеп беріп, кафедраның ЮНЕСКО мәртебесін ұзартып отырады. Француз делегациясы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылымды қажет ететін технологиялар мен инжиниринг кластеріндегі заманауи технологиялық жабдықтарды көріп, университеттің ғылыми-технологиялық парк, жағдаяттық басқару және «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталықтарының қызметімен танысты. Назгүл Шыңғысова ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ