Әбдіғабит Шегебаев, Шымкент қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы, полковник:
«Әскери борышын өтеуге ниет білдірушілер қатары көбейіп келеді»
— Бүгінде әскер қатарына шақырылуы тиіс жастардың басым бөлігі әскер қатарында қызмет етуге жарамсыз деп жатады. Денсаулығында кінәратары бар, басқа да жағдаяттары бар…
— — Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс жастардың денсаулығы жарамды, жарамсыз деп медициналық сараптама комиссиясының төрағасы анықтай алады. Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департмаентінен біздің басқармаға жыл сайын қанша баланы әскерге жіберу туралы сұраныс келеді. Сол сұранысқа байланысты басқарма жұмыс атқарады, оның ішінде қарулы күштер, шекара қызметі, ұлттық гвардия, мемлекеттік күзет қызметі бар. Соның бәріне қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма жастардың денсаулықтарына қарай отырып, сұраныс бойынша жібереміз. Нақты санын айта алмаймын. Неге десеңіз, біз қорғаныс істері жөніндегі департаментінің сұранысына орай жібереміз. Шымкент қаласы бүгінде үшінші мегаполис, республикадағы үлкен қалалардың бірі, сол себепті талап та қатаң. Нағыз шыныққан, денсаулығы мықты, жан-жақты сауатты, спортпен шұғылданған жігіттер іріктеледі. ҚР Қорғаныс министрлігінің 96-шы бұйрығы бар, сол бойынша бізде әскерге шақыру комиссиясы жұмыс істейді. Арнайы комиссия мүшелері бар. Елбасының өкімі шыққаннан кейін, облыс, қала әкімінің қаулысы шыққаннан кейін әскер қатарына шақыру басталады. Медициналық сараптамадан өткіземіз. Кейбір жастар өткір, сауатты болғанымен денсаулығы жарамсыз болып шығады. Көз аурулары, сосын салмақ өлшемі жетіспеушілігі, одан кейін майтабан аурулары көп. Аға дәрігер бәрін қадағалап өткізеді. Жарамды болса облыстық медкомиссиядан өткеннен кейін ғана қай әскер түріне баратыны нақтыланады. Қарулы күштер ме, мемлекеттік күзет қызметі, төтенше жағдайлар бөліміне түсе ме оның бәрін облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде арнайы келісмшарт және әскерге шақыру басқармасы бар, сонда сұрыптаудан өтеді. Ол басқармада да арнайы комиссия жұмыс атқарады. Жастар психолог мамандардың сүзгісінен өтеді. Олардың басым бөлігі моральдық жағынан дайын болмай шығады. Қанша дегенмен әскердің аты әскер. Онда барғаннан кейін адамның психологиясы өзгереді. Психолог оның ішкі жан дүниесіне кірігіп, бәрін білуі керек. Суицид мәселесін жоққа шығара алмаймыз, кейбір әскери бөлімдерде орын алып жатады. Бәрін қадағалайтын маман психолог. Қорғаныс істері жөніндегі департаментте де, қалалық қорғаныс істері басқармасында да, әскери бөлімде де арнайы психолог штаты бөлінген. Шақырылым кезінде осылардың бәрі біріге жұмыс істейді. Әскери бөлімдердегі командирдің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына артылар жүк ауыр. Әскери бөлімде де өздерінің психологтары, дәрігерлері бар. Бұрынғыдай емес, қазір қанша сұраныс болса да, сапаға көп көңіл бөлінеді. Әскер қатарына шақырылушы жан-жақты болуы керек. Отанды қорғау әр азаматтың борышы, парызы. Ата заңымыздың 36-шы бабында «Отанды қорғау әр азаматтың парызы» деп көрсетілген. Алдын ала үгіт насихат жұмыстары жүргізіледі. Шақырылушылар көп, барамын деп тілек білдірушілер одан да көп. Бірақ соның ішінде көбісінің денсаулығы нашар, сол жағынан ақсап жатады. Жоғары оқу орнында оқитындар оқуын бітіргенше әскери кафедрада білім алады. Олар да қорғаныс істері жөніндегі басқарманың сүзгісінен өткеннен кейін ғана әскери кафедраға түсе алады. 18 бен 27 жас аралығындағы жастарды жылына екі рет шақырамыз. Көктемгі және күзгі шақырылушылар. Одан бөлек жасы 22 мен 27 жас аралығындағы жоғары білімді, орта арнауы оқу орнын бітіргендер әскери техникалық мектеп бар, сонда жіберіледі. Медкомиссия мүшелерінің, психологтың сараптауынан өтеді, одан кейін тестен өтеді. Барлығынан жақсы өтсе бір айлық курсқа жібереміз. Онда 40 күн оқиды. Мемлекет қазынасына 263 мың теңге төлейді. Әскери техникалық мектеп облыста екі жерде бар, біріншісі Шымкент қаласында, екіншісі Түркістан қаласында. Ай сайын сұраныс болып жатады. БАҚ-на мәліметтер береміз. Жыл сайын жастардың талпыныстарына қарай сұраныс артып отыр. Жоғары оқу орындарында, мектептерде тіркеуге алып жатырмыз. 11 сынып оқушыларын қаңтар, ақпан, наурыз айларында медициналық сараптамадан өткізіп бәріне арнайы куәлік құжаттарын тапсырамыз. Оқушылар бірінші әскери құжаттарын алады. Жоғары әскери оқу орындарына барғысы келетіндер де көп. Олармен сұхбаттасамыз, қабілеті қандай, мектептегі үлгерімі қандай соның бәрін сүзгіден өткіземіз. Мектеп бітіру науқанынан кейін бізге жан-жақтан, Ресейдегі жоғары әскери оқу орындарынан, Қазақстандағы жоғары әскери оқу орындарынан сұраныс келеді. Соған арнайы бүкіл құжаттарын дайындап, оқуға жібереміз. Бұл жұмыс қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір айларында жүргізіледі. Төлеби, Сайрам, Ордабасы аудандарының біраз бөлігі қалаға қосылғаны белгілі. Соған байланысты әскерге шақырылушылар көбейіп отыр. Олардың бәрін түгендеп, құжаттарын дайындау оңай шаруа емес.
— — Әскер қатарына шақырылушыларды медициналық сараптамадан өткізетін медицина мамандарының біліктілігі қандай?
— — Арнайы өзінің санаттары бар. Медкомиссияның құрамындағы мүшелер облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарайтын мекемелерден келеді. Басқармамызда жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің тәжірибесі мол. 15-20 жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан тәжірибелі мамандар. Жоғары санатты, бірінші санаттағылар. Әр сатылы сұрыптаудан өткен жастар әскер қатарына кеткен кезде дәрігерлер бәріне жауап береді. Қандай да бір ақаумен, денасаулығында кінәраты болып баланы қайтаратын болса, оған қаншама шығын кетеді. Соның бәріне дәрігерлер жауап береді. Медициналық сараптамадан қалай өтіп жатқанын соның бәрі тексеріледі. Егер қандай да бір кінәрат табылса бізге де жауап беруге тура келеді. Заң шеңберінде.
— — Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай іс-шаралар атқарылуда?
— — Әр аптада жеке құраммен жиын өтіп тұрады. Әскери қызметшілер, қызметкерлер бар. 2 қаңтардан бастап, Әкімшілік кодексі, Құқықбұзушылық туралы заңдарға өзгерістер енгізілді ғой. Осыған орай түсіндірме жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Қызметкерлеріміздің қате қадамға баруына жол бермейміз…
— — Сұхбатыңызға рахмет!