Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадион аумағында жерге кезінде элиталы үйлер салынады деген жоспар болған. Өмірзақ Шөкеев облысты басқарғанда осы жерде тек қана ауқаттылар тұратын элиталық орталық болады деген еді. Дегенмен ол жоба жүзеге асқан жоқ. Есесіне халыққа пайдалы спорт нысандары бірінен кейін бірі бой көтерді. Мұнда спорт қалашығы қалыптасып келеді. Садақ ату, орталық су спорты және жеңіл атлетика кешені мен даңқты спортшылар аллеясы бар. Спортты жанына серік еткен жас оғландар осындағы спорт қалашығына келіп таңдаған спорт түрімен айналысуына толық мүмкіндігні бар. Тіпті екі спорт түрімен қатар айналысатын жастар үшін де тиімді болып тұр. Облыстық жоғары кешенді спорт шеберлігі мектебі олимпиадалық спорт ойындарының 9 түрінен спортшылар дайындайды. Қабырғаға оқ ату, садақ ату және таэквондо түрлерінен жаңа бөлімдер ашылып, жұмыстар жүргізілуде. Осы орталықтарда республикалық, халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстар ұйымдастырып, оқу-жаттығулар өткізуге толық мүмкіндік бар. Жарты ғасырдан астам тарихы бар жоғары спорт шеберлігі мектебінде 9 Қазақстан республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, 108 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 500-ге жуық спорт шеберлері тәрбиеленген. Бұған қоса осы мектепте еңбек еткен 41 жаттықтырушы «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағын иеленген. Бауыржан Бөріқұлов, Орталық су спорты кешенінің басшысы:
— су спорты кешенінде жүзуге жаны құмар жандар үшін барлық жағдай жасалған. 600 бала аптасына 6 рет жүзумен айналысады. Тегін. Олар 2014 жылдың өзінде 4 республикалық жарысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Айта кетейік, бір ғана 2014 жылы қаламыздың 90 мыңға жуық жас өркені осындағы хауызға түсіп, пайдалы спорт түрімен айналысқан. Мамыр айында өткен республикалық жарыста Оңтүстік сайыпқырандары 909 ұпаймен қарсылас командаларды басып озып, жүзу спортының жүйрігі атанды.
Заманауи кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің әкімшілік ғимараты мен оқу-жаттығу спорт кешені бүгінде қалтқысыз қызмет етіп келеді. Аталған нысанның құрылысына облыс бюджетінен 792 миллион теңге қаржы жұмсалған. Төрт қабаттан тұратын бұл ғимаратта 400 көрерменге арналған зал, волейбол, баскетбол, қол добы сынды спорт түрлеріне арналған ойын алаңдары мен күрес, бокс секциялары заманауи жабдықталған. 10, 25, 50 шаршы метрлік оқ ату галереясы швейцариялық электронды қондырғыларымен қамтылған. Бұл Орта Азия елдерінде теңдессіз тир болып табылады. Мұнда спорттың баскетбол, бокс, жеңіл атлетика, велопорт, спорттық гимнастика, оқ ату, қабырғаға оқ ату, садақ ату және таэквондо түрлерінен бөлімдер ашылып, жұмыстар жүргізуде. Миллион тұрғыны бар қалаға қадам басып отырған Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадион аумағында ауқымды спорттық нысандар шоғырланып, біркелкі сәулеттік шешіммен дараланған спорт қалашығы қалыптасып келеді. Осындай қолдаулардың арқасында облыстың спорт саласындағы жетістіктері жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен жылы облыс спортшылары Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен біріншіліктерінен 378 – алтын, 351 – күміс, 313 – қола медаль жеңіп алса, Азия чемпионаттарында оңтүстікқазақстандық спортшылар 34 – алтын, 20 – күміс және 23 – қола медальге қол жеткізді. Ал, Әлем чемпионаттарында облыс спортшылары 9 – алтын, 9 – күміс, 13 – қола медальге ие болды. 2013 жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы республикадағы ең белсенді спорттық өңір болып анықталды.