Рио олимпиадасының алтын медалін иеленген жүзгіш Дмитрий Баландиннің жеңісінен кейін елімізде су спортына қызығушылардың қатары артары сөзсіз. Баланың шымыр болып өсуіне сеп болатын жүзу спорты денсаулыққа да аса пайдалы екендігі рас. Жаз бойы көл, тоғандарды жағалап жүретін балалар бүгінде арнайы жүзу бассейндеріне барып, жаттықтырушылардан үйренуіне мүмкіндік мол. Әсіресе осы спорт түріне ден қойып, халықаралық дәрежедегі олимпиадаларға қатысып, үлкен жетістіктерге жетіп жатқан жастарымыз баршылық бүгінде. Шымкенттегі Орталық су спорты кешенінің ашылғанына екі жылдан сәл-ақ асатын уақыт болды. Осы аралықта талай чемпиондарды тәрбиелеп шығарды. Бүгінде бұл кешенде 120 жеткіншек шынығады. Жеткіншектерді жаттықтыратын арнайы жауапты мамандар бар. Олардың жүзу спортының қыр-сырын үйренуіне барынша жағдай жасалған. Заманауи талапқа сай салынған кешенде халықаралық дәрежедегі жарыстар да ұйымдастырылып тұрады. Қауіпсіздік шаралары да қарастырылған. Болашақ чемпиондарды даярлайтын орталық осылайша жас жеткіншектерді үздіксіз жаттықтыруда. Осы уақытқа дейін тәрбиелеген талай шәкірттері түрлі дәрежедегі жарыстардан жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Жуырда ғана орталық бассейнде жаттығатын алғашқы жүзгіштер республикалық турнирден жүлдемен оралды. Мықты жүзгіштер Көкшетауға жол тартып «Бурабайдың інжу маржаны» атты жарыстан жүлде алып, мерейімізді өсірді. 9 жүзгішіміз жүлделі орындарды иеленді. Жүлде қоржынында бес алтын, бір күміс және үш қола медаль бар. Иван Прозорев пен Варвара Крыгина қос алтыннан жеңіп алды. Ал Владимир Щебельников екі рет үшінші орыннан көрінді. Эстафеталық жарыста да шымкенттіктер екі медальға қол жеткізді. Ендігі мақсат — чемпиондардың қатарын көбейту. Әрине чемпион болу, болмау әр баланың талабына байланысты. Осында келіп, жаттығып жүрген әр жастың негізгі жоспары да чемпион болу. Жас жеткіншектерді халықаралық деңгейдегі жарыс талаптарына сай жаттықтыру үшін бүгінде орталық бассейнге арнайы олимпиадалық құрылғылар алыныпған. Белгілі бір кезең бойынша арнайы турнирлер де өткізіліп тұрады. Қалалық спорт мектебінің мамандары соңғы жылдары су спортымен айналысуға ниет білдіретіндердің қатары артып отырғандығын айтады. Жаңа оқу жылынан бастап спорт ордасы іріктеу өткізіп, ниет еткен балаларды тізімге енгізеді. Содан кейін, олардың шеберлігін шыңдау үшін жаттықтыру жұмыстары басталады. Іріктеу турнирінен өту де оңай емес. Өйткені жүзу спортымен айналысуға тілек білдіргендердің қатары жүзден асады. Жүзудің түрі көп, әрине. Жаттықтырушылар жас жеткіншектерді осы спорт түрінің сан алуан сырына қанықтырады. Мамандар су спортына барғандар басқа спорт түрімен айналыспай-ақ қойса да болады дейді. Өйткені жүзу кезінде ағзаның барлық бұлшық еттері қозғалады. Мұнда гимнастика да, жеңіл атлетика да барлығы да бар. Сондықтан да суда шыныққан баланың ағзасы мықты, иммунитеті күшті болады. Түрлі ауруларға қарсы тұратындай қорғаныс күші көбейеді. Суда жүзу спортынан Қазақстанның чемпионы Диана Аманжолова 6 жасынан бастап осы спорт түрімен айналыса бастапты. Алғашында көркем гимнастикамен айналысып Әлия Юсуповадан тәлім алған ол, кейін су спортына ауысқан. Әу баста үйірмеге ақылы түрде қатысқан ол мамандарды өзінің шеберлігімен тәнті етіпті. Болашағынан көп үміт күткен жаттықтырушылар оны бірденг облыс құрамасына алған. Жаттықтырушылары қателеспеген екен. Осы уақытқа дейін Диана бірнеше рет халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды қанжығасына байлады. Мұнда Диана секілді нәтиже көрсетіп жүрген балғындар көп. Алдағы уақытта да талай байрақты бәсекеде еліміздің атын шығаратын чемпиондар дәл осы орталық су спорты кешенінде жаттығатын облыс құрамасының жас спортшылары болары сөзсіз.
Есен Жорабеков, Шымкент қалалық спорт мектебі директорының орынбасары:
— Бүгінде жүзу спортымен айналысуға ниет еткен балғындардың қатары көбейіп келеді. Болашақ чемпиондарды даярлайтын орталықта барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта осында жаттығу үшін бұдан басқа да мүмкіндіктер қарастырылмақ.
Динар Бекасыл