Көркем гимнастикадан Азияның абсолютті чемпионы, Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Әлия Юсупова әлемдік додаларда еліміздің атын асқақтатқаннан бергі уақытта осы спорт түріне қызығушылардың қатары артып келеді. Оның үстіне жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында елімізде теңдесі жоқ көркем гимнастика спорт кешені пайдаланылуға берілгелі де біраз уақыт болды. Еліміздің өзге өңіріндегілер үшін арман болып келген бұл кешен де Әлия Юсупованың облыс әкімдігіне жасаған ұсынысы бойынша бой көтерген болатын. Есесіне бүгінде мұнда жас гимнастшылар — болашақ чемпиондар жаттығу жасауда. Көптеген елдерде халықаралық жарыстарға қатысып, дамыған елдердің бірқатарында жаттығу жұмыстарын өткізген Әлия Юсупова сәулетшілерге өзінің жобаға қатысты ойларын да жеткізген екен. Өйткені көркем гимнастикаға арналған жаттығу залдарының басым бөлігі халықаралық сайыстар өткізуге лайықталмаған, қыстың суық күндерінде дірдектеп жаттығу жасайтындықтан жас спортшыларға ыңғайсыздық тудыратын. Ә.Юсупова сәулетшілерге спорт кешенінің қабырғаларының биік болғанын қалайтындығын әрі қыста жылы, аптап ыстықта салқын болатындай барлық жағын қарастыруын өтінген екен. Чемпионның барлық талабы орындалған. Пайдалануға берілгелі бірнеше жыл болған көркем гимнастика кешені бүгінде заманауи талаптарға сай салынғандығымен ыңғайлы. Халықаралық дәрежедегі жарыстар өткізу үшін қабырғаларының биіктігі 17 метр болуы тиіс екен. Осы стандарт талаптары қатаң сақталынған. Мұнда төрт жаттығу залы бар. Талаптарға сай әр залдың биіктігі әртүрлі. Мұнда Астана, Алматы, Қарағанды, Өскемен, Қызылорда қалаларынан спортшылар жаттығу үшін келеді. Бүгінде аталмыш спорт кешенінде 200-ден аса қыздар көркем гимнастикадан жаттығады. Жастайынан осы спорт түріне икемі бар қыздар арнайы іріктелініп алынған. Жас спортшыларға түрлі дәрежедегі халықаралық жарыстарда чемпион атанған гимнастшылар тәлім үйретеді. Көркем гимнастикадан еліміздің бас жаттықтырушысы Әлия Юсупованың өзі де шеберлік сабақтарын өткізіп тұрады. Гимнастиканың қыр-сырына қанығу әрине оңай емес. Ол үшін ерінбей талмай еңбектеніп, барлық құпияларына қаныққанда ғана кәсіби шеберлікке қол жеткізуге болады. Кішкентай сүйегі әлі қатпаған шақтан бастап орталыққа қабылдаған дұрыс деп санайды мамандар. Өйткені дененің иілгіштігі сол кезден-ақ қалыптасатын құсайды. Ал есейіп кеткен кезде көркем гимнастикамен айналысудың тіптен де қажеті жоқ. Тал шыбықтай бұралып тұрған кішкентай гимнастшылар үшін күрделі түрін үйрену оңайға түспек. Ол үшін жаттықтырушылардың еңбегі зор. Көркем гимнастика кешенінде бүгінде жас шәкірттерді тәрбиелеп жүрген жаттықтырушы – Лола Төлеубаеваның мұнда қызмет еткеніне де едәуір уақыт болды. Жас жаттықтырушы соңғы уақытта спорттың осы түріне ден қойғандардың қатары артып отырғанын айтады. Өзі көркем гимнастикамен 7 жасынан бастап айналысқан екен. Лола Төлеубаева Қазақстанның бес дүркін чемпионы. Түрлі бәсекелерде топ жарып жүрген жеңімпаз спортшы. 16 жасында спорт шебері атағын алған. Бұрыннан жиған тәжірибесін енді жас шәкірттеріне ерінбей жалықпай үйретуде. Әрине бұл спорт түріне кез-келгенді қабылдай бермейді. Қатаң іріктеуден өткендер ғана қабылданады. Ең алдымен қыздардың дене бітіміне, салмағына, сосын иілгіштігіне зер салады. Өйткені, буыны қатып үлгермеген бүлдіршіннің мүмкіндігі мол болады. Қабылданғаннан кейін жаттығуды бастағанда спортшылар қатаң талап бойынша жүреді. Нан өнімдерін жеуге рұқсат етілмейді. Тек таңертең ғана шоколадпен шай ішіп, сұйық тағамды көбірек тұтынады. Қатаң ережеге мойынсына алмағандар өздері-ақ іріктеліп қалады. Оңтүстік Қазақстан облысында көркем гимнастикаға барынша жағдай жасалып жатқандығының бір көрінісі осы. Болашақ чемпиондардың ордасы деуге болар.
Дәулет Бейімбет