Ұлттық рухты көтеру, ұлттық сананы жаңғырту, тарихымызды қайта зерделеу. Осыны мақсат еткен экспедиция Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында белгіленген «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасын іске асыру үшін тарих қойнауына жол тартты. Экспедиция мүшелері Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Ордабасы ауданындағы «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығына барады. Фараби елі – Отырардағы «Арыстан баб» кесенесі мен «Отырар төбе» қалашығына қатысты деректерді жинайды. Түркістанға түнеп, құл Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат етеді. Кейінгі сапар Сауран қалашығында жалғасады. Экспедиция құрамында тарихи тағдыр біріктірген түрлі этнос өкілдері де бар. Ондағы мақсат — ортақ Отан Қазақстанның, туған жер – оңтүстіктің киелі жерлерін паш ету, тарихына терең үңілдіру. Өткеннен сабақ алып, болашаққа болжам жасауға үндеу. Саяхатшылар бұл сапар көмегімен көне жәдігерлерді танып біледі. Олардың қасиет-киесін ұғып, кейінгі буынға өнеге етуді көздейді. «Әрбір азамат елін, жерін танып, сонымен байланысты дүниелерді қамқорлықта ұстай білуі керек», — дейді облыстық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов. МҰРАТӘЛІ ҚАЛМҰРАТОВ – ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ «Негізгі мақсат – республикамызда тұрып жатқан, оның ішінде облыста тұрып жатқан 108 этностың барлығы да жүрегінде «Менің Қазақстаным», менің жерім, менін елім деп соғу керек. Осыны сөз күйінде емес, шынайы іспен дәлелдеу мақсатында біз жолға шыққалы жатырмыз».
АҚМАРАЛ Көпжасарова