фото "Жауһар" ҚҚ
Ағымдағы жылғы 25 қыркүйек күні қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау және халықпен тікелей жұмыс істейтін Алматы облыстық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында ауқымды оқыту семинары өтті.
Қазіргі таңда дін атын жамылған түрлі теріс ағымдардың ықпалына қарсы тұру мемлекеттік деңгейдегі маңызды міндеттердің бірі болып саналады. Осы орайда, халыққа дұрыс ақпарат жеткізуші мамандардың теологиялық және заңи сауаттылығы жоғары болуы шарт. Семинар барысында дәл осы мәселелер кеңінен талқыланды.
Семинарда көпшілікке танымал белгілі сарапшылар дәріс оқыды. Атап айтқанда, белгілі исламтанушы, Алматы Орталық мешітінің нәиб имамы
Тимур Алиев Қазақстандағы исламдық бағыттағы радикалды және деструктивті діни ағым ұстанушыларының ерекшеліктеріне тоқталып, олармен жұмыс істеудің психологиялық әрі теологиялық қырларын жан-жақты түсіндірді.
Ал құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, заң ғылымдарының докторы Алуа Ибраева дәріс оқыды. Ол қатысушыларға жаңа Конституция, мемлекеттің зайырлылық сипаты және дін саласындағы заңнамалық актілер бойынша теориялық және тәжірибелік білім берді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай оқыту жиындары өте қажет. Себебі халықпен кездесулер кезінде туындайтын күрделі сұрақтарға сауатты, дәлелді және заң аясында жауап беру ақпараттық-түсіндіру тобының басты міндеті. Алынған бұл теологиялық және құқықтық білім мамандарға кез келген ортада сенімді диалог орнатуға, зайырлылық қағидаттарын аудиторияға дұрыс әрі тиімді жеткізуге айтарлықтай септігін тигізбек.
Семинар соңында барлық қатысушыларға біліктілігін растайтын арнайы сертификаттар табысталды.
Өңірдегі тұрақтылық пен діни келісімді нығайтуға үлес қосқан аталған
іс-шара Алматы облысы Дін істері басқармасы мен «Жаухар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.
