Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын өтетін Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы өткізілді. Биыл күміс көмей әншілер қазақ вальсі королінің әндерін ғана насихаттап қоймайды. Облыстың 85 жылдығы, «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасын да ән-жырға арқау етеді. Патриоттық байқауда 2017 жылдың мазмұнды бағдарламасы — Елбасы мақаласы да рухани қолдау таппақ.Шәмші – отаншыл рухтың, сезімшіл сырдың кәусар бұлағы. Ұлы композитор қай буынның болмасын, ыстық ықыласына ие. 300-ге жуық қайталанбас туынды жазған автор Отанға, туған елге деген адалдығымен жастарға үлгі. «Туған жерге туыңды тік!». Елбасы мақаласындағы осы бір бағытты қолдау үшін өнер додасында бақ сынауға 90 үміткер келген. АЙЖАН ПІРІМЖАР – ҚАТЫСУШЫ «Мен – Бәйдібек ауданынан келдім. Кішкентайымнан ән айтамын. Байқауға қатысуда ең бірінші ойым – Шәмші әндерін насихаттау. Байқау жоғары деңгейде өтіп жатыр». Дәстүрлі байқау жас таланттарға кәсіби бағдар беру мен олардың шығармашыл тұлға болып қалыптасуына ықпал етуді мақсат еткен. Қатысушылардың дені — 15 пен 25 жас аралығындағылар БЕРІК ЖОРАБЕКОВ – ОБЛЫСТЫҚ ХАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ «Байқау 2 кезеңнен тұрады. Қатысушылар 2 ән орындайды 1-ші Шәмшінің, 2-шісі Туған жер туралы кез-келген әнді орындау керек. Биылғы ерекшелік – Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Соған орай, іріктеуден өткен жеңімпаздарға арналған гала-концертті Созақта, Шолаққаорғанда ұйымдастырып отырмыз».Ұлттық музыка өнеріне айрықша леп әкелген Шәмші атындағы байқаудың алғашқы кезеңінде 7 өнерпаз ерекше көзге түсті. Алтын аймақ дарындыларын енді, Теріскей төрінде ақтық мәре күтіп тұр. Сайыскерлерге сәттілік!
АЙЗАТ Бауыржанқызы