«13 регион» көркем фильмінің жалғасы түсірілуде. Оңтүстікқазақстандық киногерлер жасалып жатқан туынды таңдай қақтыратын айтады. «Омар Сункар» киностудиясының дебюдтік жобасы көрермен көзайымына айналған еді. Көрермендер арасында кең талқылауға түскен жоба араға 2 жылдай уақыт салып, жалғасын тауып отыр. «13 регион» кинокартинасы осыдан екі жыл бұрын жарық көрген болатын. Онда Багда есімді кейіпкер өзі тұратын қалада орын алып жатқан тәртіпсіздікпен күресуді мақсат етеді. Ол көрші мемлекеттің бандаларымен байланыс орнатып, бейберекетсіздіктің алдын алуға да барады. Нәтижесінде көлеңкелі бизнеспен айналысатын топқа кезігіп, қос тарап арасындағы түсінбеушілік атыс-шабысқа дейін ұласады. Жобаның авторлары негізгі мақсатынан айнымағанын айтады. Тек мұнда оқиға жаңа кейіпкерлермен өзгеше бағытта өрбімек. Омар СУНКАР, РЕЖИССЕР: «Бұл атыс-шабысқа толы экшн жанрындағы фильм болады. Әзірге туынды елімізден бөлек Шешенстан, Башқұртстан, Қырғызстан респуликаларында көрсетіледі деген жоспар бар. Әлі де келіссөздер жүргізілуде. Фильмнің таралуы алдағы уақытта тағы да кеңейе түсетін болады». Жаңадан басталған жобаға «13 регион Блиц» деген атау берілген. Сценарий бойынша фильмде шешен, қытай ұлтының азаматтары да бой көрсетеді. Туындыға кино әлемінің бірнеше жұлдыздары қатысады деген жоспар бар. Сондай-ақ, өзін тұңғыш рет әртіс ретінде сынағалы отырған кейіпкерлер де бар. Тимур АБДРАХМАНОВ, әртіс «Мен бұған дейін жарнамалық роликтерге түскенмін. Мынадай ауқымды жобада өзімді алғаш рет сынағалы отырмын. Маған зор сенім артқан екен, соны ақтауға барымды салатын боламын. Маған салқынқанды кейіпкердің рөлі бұйырды. Аса қиын болмайды деген сенімдемін». Туынды Алматы, Шымкент қалаларынан бөлек шешенстан, Гонконгта түсірілетін болады. Жоба жетекшілері түсірілім жұмыстары 1 айға дейін созылады деп отыр. Көркем шығарма күз айларында көрермен назарына ұсынылмақ. Фильм 14 жастан жоғары азаматтарға арналады.
Қанат БАЙСОВ