
фото ТӨКҚ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру бағытында Түркістан облысында жұмыстар қарқынды жалғасып, жаңа жобалар іске асырылмақ.
Бүгін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Қытайдың Гуандун провинциясының нарықты реттеу әкімшілігі және Гуандун-Гонконг-Макао Үлкен шығанағы аймағының сертификаттау орталығының өкілдерімен іскерлік кездесу өткізді. Басқосуда тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және қызмет көрсету салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар Гуандун-Гонконг-Макао Үлкен шығанағы аймағының сертификаттау жобасы кеңінен таныстырылып, арнайы платформа құру, өндірістік ынтымақтастықты дамыту мәселелері сөз болды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары өңірдің инвсетициялық және туристік әлеуетін таныстырып, бірлесе жұмыс істеуге ашық екенін жеткізді.
– Түркістан облысында өнеркәсіптің белсенді дамуына ықпал ететін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Инвесторлар үшін 4 мың гектар аумақта орналасқан «TURAN» арнайы экономикалық аймағы және 20 индустриялық аймағы бар. «TURAN» АЭА қатысушыларына жеңілдіктер қарастылады. Әкімдік тарапынан «Бір терезе» қағидасы аясында толық сүйемелдеу жұмыстарын жүргіземіз. Ірі жобаларға инженерлік инфрақұрылым тартуға, жер телімін таңдауға, жобаны ілгерілетуге тікелей көмек көрсетеміз. Біз Түркістан облысы мен Қытай елінің инвесторлары арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Гуандун-Гонконг-Макао Үлкен шығанағы аймағының сертификаттау жобасы ҚХР Мемлекеттік нарықты қадағалау басқармасы мен Гуандун-Гонконг-Макао аймағының тиісті мекемелерінің жетекшілігімен жүзеге асырылады. Бұл қадам жергілікті өнімдерге Гуандун-Гонконг-Макао нарығына шығуға, бренд беделін арттыруға және тұтынушылардың кең ауқымын қамтуға мүмкіндік береді. Жобаға үш аймақтың сертификаттау ұйымдары мен нарық субъектілері қатысады. Ол ауыл шаруашылығы өнімдері, өнеркәсіптік тұтыну тауарлары, жасыл құрылыс материалдары және қызмет көрсету салаларын қамтиды. Негізгі мақсат – өнім мен қызмет сапасын арттыру, өңірлік нарықтағы өзара тану мен ықпалдасуды дамыту.
Қытайлық тарап Түркістан өңірінің инвестициялық мүмкіндіктерін жоғары бағалап, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Қытайда табиғи өнімдерге сұраныстың жоғары екенін атап өтіп, Түркістан өнімдерін қытайлық және көршілес нарықтарға шығаруға ықпал етуге дайын екенін жеткізді. Қытайдың провинцияларында бизнес форумдар ұйымдастыруға, әріптестеріне өңірдің мүмкіндіктері туралы ақпарат беруге ниетін білдірді.
Сапар барысында шетелдік бизнес өкілдері Түркістан облысында өндірілетін өнімдермен танысты. Өндірістік парктерді аралап, жұмыс барысын бақылады.