
фото ШӨКҚ
Шымкент қаласындағы «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде ұлттық тағам мәдениетін дәріптеуге арналған «Дән мен дәм FEST» атты гастрономиялық фестиваль өтті. Іс-шараны Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұйымдастырды.
Фестиваль аясында «Шымқала» кешені нағыз этноауыл кейпіне еніп, ұлттық нақыштағы көріністермен жанданды. Кешен аумағында домбыра үні әуелеп, ұлттық киімдегі әжелер мен аналар, ақсақалдар мен жастар салт-дәстүрдің сән-салтанатын паш етті. Қонақтар ошақ басындағы тағам дайындау барысын бақылап, қазақы тұрмыстың байырғы болмысын сезіне алды.
Іс-шараның басты мақсаты – ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарды қайта жаңғырту, олардың дәстүрлі дайындалу әдістерін жас ұрпақтың санасына сіңіру және ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау. Фестиваль аясында 15-тен астам дәстүрлі тағам әзірленіп, әрқайсысының жасалу жолы мен тарихи маңызы туралы кеңінен мәлімет берілді. Қонақтарға үлпершек, өрметөстік, сый табақ, дән көже, жұқпа, құрт көже, талқан секілді тағам түрлері ұсынылды.
Сондай-ақ қатысушылар күбі пісу, май шайқау, келі түю, бидай мен жүгері қуыру, диірмен тарту, табаға нан пісіру сияқты дәстүрлі тұрмыстық процестерді тамашалап, қазақ халқының өмір сүру салты мен тіршілік философиясына қанықты.
Фестивальге 20-дан астам этномәдени бірлестік пен этноорталық, 10-ға жуық жоғары оқу орнының өкілдері, қала тұрғындары және шетелдік меймандар қатысты. Жалпы, 500-ден астам адам қамтылған бұл шара қазақ халқының тағам мәдениеті мен тұрмыс салтының бай мұрасын көпшілікке кеңінен таныстырды.
Фестиваль аясында өткен тағам дайындау шеберлік сағаттары ерекше қызығушылық тудырды. Ақ жаулықты аналар мен әжелер ұлттық тағамдарды әзірлеу әдістерімен бөлісіп қана қоймай, әр тағамның мән-мағынасы мен символдық маңызын түсіндірді. Мәселен, үлпершек – сыйластықтың, өрметөстік – батырлықтың, ал дән көже – молшылық пен берекенің нышаны ретінде ұсынылды.