фото АОІСБ
2026 жылғы 11 тамыз күні Алматы облысы Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Еңбекшіқазақ ауданында діни экстремизм мен радикализмнің алдын алуға бағытталған ауқымды ақпараттық-түсіндіру
іс-шаралары өтті.
Атап айтқанда, аудан орталығы Есік қаласында спорт саласының маманы, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Талғат Ибрагимов бірқатар еңбек ұжымдарымен кездесті. Ол аудандық Полиция басқармасындағы құқық қорғау қызметкерлерімен және «Алатау жарық компаниясының» жұмысшыларымен жүздесіп, қоғамдық келісім, ел тыныштығы мен дәстүрлі құндылықтардың маңызын талқылады. Сонымен қатар, маман Есік археологиялық өлкетану музейінде мәдениет саласының өкілдерімен, ал №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушылар мен жас спортшылармен мазмұнды сұхбат құрды. Түсіндіру жұмыстары мұнымен шектелмей, «Восход» саяжайы маңындағы жұмыссыздар алаңына тұрақтайтын азаматтарды да қамтып, олардың көкейтесті сұрақтарына тұщымды жауаптар берілді.
Өз кезегінде дінтанушы, тарихшы әрі АТТ мүшесі Мирас Қонысбекұлы қала жастарымен Мәдениет үйінде кездесіп, ұрпақ тәрбиесі мен теріс діни ағымдардың қоғамға тигізер қаупі жайында салиқалы ой өрбітті. Бұған қоса, Халыққа қызмет көрсету орталығында қандастармен арнайы кездесу өтті. Шара барысында халық көп шоғырланатын сауда орындары да назардан тыс қалмады. Дінтанушы «Виктория» сауда үйі мен «Бақтияр» базарына арнайы барып, өзін-өзі жұмыспен қамтыған саудагерлермен, қарапайым еңбек адамдарымен еркін форматта тілдесті.
Жалпы саны 250-ден астам адамды қамтыған бұл кездесулер ресмиліктен қашық, шынайы әрі ашық диалог түрінде өтті. Қатысушылар көтерілген тақырыптарға үлкен қызығушылық танытып, мамандардың сөзін зейін қоя тыңдады. Әсіресе, базардағы саудагерлер мен қарапайым жұмысшылар өздерін мазалаған діни мәселелер бойынша мамандармен емін-еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды.
