Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні болып белгіленді. Қазақ халқына тән қайырымдылықтың, қамқорлық пен қонақжайлықтың нышанындай болған мереке қарсаңында облысымызда көптеген іс-шаралар мен қайырымдылық акциялары ұйымдастырылуда. Ізгі істерді жүзеге асырудан облыстағы жолаушылар тасымалдайтын Оңтүстік Қазақстан облыстық тасымалдаушылар, автовокзалдар және автобекеттер қауымдастығы, «Южавтотранс», «Оңтүстіктранс Құлагер» қауымдастықтары да тыс қалмады.
Қалдарбек Атабеков, Оңтүстік Қазақстан облыстық тасымалдаушылар, автовокзалдар және автобекеттер қауымдастығының төрағасы:
— Елбасының бастамасын қолдай отырып, 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесінде бір күндік қайырымдылық акциясын ұйымдастырып отырмыз. Облыс бойынша қалалық, қалааралық, аудандық, ауданаралық бағыттағы барлық қоғамдық көліктерде арнайы санаттағы азаматтар, яғни Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл ардагерлері, зейнеткерлер, мүгедектер және көпбалалы аналар тегін жүре алады. Ол үшін арнайы куәліктеріңізді көрсетсеңіз болды.