Мерейтой құрметіне жерлесіміз, әйгілі суретші, қазақи қолданбалы өнердің хас шебері Құттыбек Жақыповтың өнер-жинағы жарық көрді. 184 беттен құралған кітап жобасының авторы — журналист Күлия Айдарбекова. Жаңа туындының тұсауы Астана қаласындағы ұлттық мұражайда кесіліп, қалың оқырманға жол тартты. Сондай-ақ, бас мұражайда Құттыбек Тыныбекұлының «Ғасырлар үні» атты көрмесі ашылды. Онда өнер иесінің 33 жылдан бергі еңбектері топтастырылып, көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қазақтың төл өнері мен елдің тағдыры көрініс тапқан фольклорлық-мифологиялық сарындағы гобелендерді тамашалаушы тұрғындардың қарасы қалың. Ұлттық мұражайдың басшысы Дархан Мыңбай жаңа жинаққа оң бағасын беріп, қолөнершіге шығармашылық табыс тіледі.