Оңтүстік Қазақстан облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы бүгінде көптеген игі істердің бастамашысы болып отыр. Мұнда тек ұлттық салт-дәстүрімізге қатысты іс-шаралар ғана емес, сондай-ақ тарихи жәдігерлерден сыр шертетін көрмелер де ұйымдастырылып тұрады. Жуырда мұнда көне Отырардың тарихынан сыр шертетін жәдігерлер мен суреттерді тамашалауға мүмкіндік туды. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық мұражайынан әкелінген құнды дүниелер 1 айға дейін көпшілік назарына ұсынылатын болады. Көшпелі көрме ұйымдастыру Отырар мемлекеттік археологиялық қорық мұражайының тәжірибесінде бұрыннан бар. Көне замандардан сыр шертетін тарихи орданың мәдени мұралары бұған дейін еліміздің Солтүстік және Шығыс облыстарына апарылып, көрме ұйымдастырылған болатын. Отырарға келіп арнайы көруге мүмкіндігі жоқ болғандықтан бұл көрмеге көпшілік риза болған еді. Мұнымен де шектеліп қалмай алдағы уақытта Батыс Қазақстан облысына сапар шегуді көздеп отыр. Көшпелі көрмедегі іріктелініп алынған 54 жәдігер келшілердің назарына ұсынылды. Сонау ғасырлардан бүгінге бүлінбей жетіп отырғаны расында таң қалдырады. Қазақ тарихында ойып тұрып алар орны бар Отырардың көне мұраларын көру кім-кімге болсын мәртебе екені анық. Әрі келіп тамашалаймын деушілер тегін көре алады. Ералы Шоқай, Отырар мемлекеттік-археологиялық қорық мұражайының ғылыми қызметкері: «Тасын түртсең тарихтан сыр шертетін көне Отырардың жәдігерлерін көруге құмбылдар көп. Кітаптан, не болмаса ғаламтор беттерінен көрудің жөні бір бөлек те, келіп көзбен көрудің ғанибеті бір бөлек қой. Сондықтан да туған жердің тарихымен танысамын деушілер көптеп келеді. Негізі қорық мұражайымызда жәдігерлер өте көп. Біз соның ішінен алыс жолға шыдамдыларын және маңыздыларын ғана алып келіп отырмыз» дейді. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық мұражайымен бірлесе «Көне Отырар тұрғындарының тұрмыс тіршілігі» атты көрме де ұйымдастырылды. Отырар ескерткіштерінен археологиялық қазба барысында табылған, өткен тарихымыздың көне салт-дәстүрлерімізге қатысты жәдігерлерінің топтамалары халқымыздың І-ХVIII ғ.ғ. тарихынан сыр шертеді. Оңтүстік Қазақстанның көне шаһарындағы шыны өнерінің пайда болған кезі ортағасырлар тұсына сай келеді. Қазба жұмыстары барысында шыны бұйымдарының көбі Қоңыртөбе маңынан табылған. Мұның өзі осы жерде шыны шеберханаларының болғандығын дәлелдейді. Мұндағы табылған шыны ыдыстардың қатарында: сусынқұяр, құмыра, саптыаяқ, құтылар болды, сондай-ақ нәрестенің шыныдан жасалған түбегі мен шүмегі осының дәлелі ретінде көрме жәдігерлерінің құрамына қойылды. Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіндегі қала мәдениетінің дәуірлеген кезі ІХ-ХІІ ғ.ғ. тұс келеді. Осы кездегі үлкен ғимараттардың дәлелі ретінде қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған ХІ-ХІІ ғ.ғ тән екі монша. ХІІІ-ХV ғ. Шығыс моншасынан кездескен заттар көрме жәдігерлерінің құрамын толықтырды. Ұзақ жылдар бойы Отырар төбеде жүргізіліп келе жатқан қазба жұмыстарының нәтижесі көне Отырар тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін кеңінен танып-білуге септігін тигізуде. Көрменің жәдігерлер құрамынан VI-IX ғ.ғ Құйрықтөбе қорымынан табылған «Құда түсу салтанаты бейнеленген ағаш тақтаның бір бөлігі», ІV-VI ғ.ғ. Қоңыртөбе қорымынан табылған «Саптыаяқ. Саз», «Көбе (етікшінің құралы). Саз ХІ-ХІІ ғ.ғ.», сондай-ақ ХІV-ХVIІІ ғ.ғ. Отырардан табылған «Жазулы орта кесе. Саз» т.б. халқымыздың көне салт-дәстүріне қатысты жәдігерлерін көруге болады. Көрмеге І-ХVIІІ ғ.ғ. аралығын қамтитын жәдігерлер топтамалары, Отырар алқабындағы археологиялық ескерткіштердің аэрофотолары қойылады. Отырар ескерткіштерінен археологиялық қазба барысында табылған, өткен тарихымыздың бүгінге жеткен заттай дәйектемелері жинақталған көрме бір айға жуық жалғасатын болады.
Связанные истории
13.09.2024
274661