«Оңтүстікфильм» мекемесі әрдайым игі шаралардың бастаушысы. Елімізде орын алып жатқан түрлі шаралардан шет қалмай, өз үлестерін қосып келеді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «25 кино көрсетілім» іс-шарасын қйымдастырып отыр. Аталмыш шараға «Ұлттық кино» апталығы деген атау беріліп, сол бойынша деректі, көркем фильмдер көрсетілімін ұйымдастырып өткізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты «Оңтүстікфильм» КММ-нің кинозалында 13 қыркүйек күні Жаңа технологиялар колледжі студенттеріне «Көшпенділер» тарихи драмасы көрсетілді. Ұлтының өткен тарихына бей-жай қарамайтын жастар жастар бір кісідей атсалысып, кино көрсетілімнен кейін пікірталас ұйымдастырды. Алдағы уақытта аталмыш мекеме бұл апталықты жалғастырып, өзге де оқу орындары студенттеріне 25 кинокөрсетілім ұйымдастырмақ. Бүгінде «Оң түстікфильм» мекемесінің қоржыны қомақты. Ұлтқа қызмет ететіндей тәрбиелік мәні бар тақырыптық 1345 — көркем, 3027 — хроникалық-деректі, мультипликациялық бейнефильмдер қорын сақтаушы облысымыздағы жалғыз мекеме. Оңтүстіктің кино өнері осы мекемеден тамырлайды десек артық айтқандық емес. Қын қорына енгізілген талай туынды бүгінде осы мекемеде сақтаулы. Оны алтын қазына іспетті көздің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа көрсетілім ұйымдастырып отырады. Болашақ ұрпаққа бейнефильмдер арқылы әдет-ғұрпымызды, тарихымызды көрсету осы орталықтың басты міндеті. Қоржынында «Өтелмес борыш», «Жаңғырық», «Ер есімі-ел есінде» қысқаметражды көркем фильмдерінен бөлек, бүлдіршіндердің сүйікті киносына айналған «Томпақ» балаларға арналған көркем сериалы, «Қошқар мен теке» анимациялық мультфильмдері де бар. Тек кино қорларын сақтап қана отырмай, бүгінде мекеменің өзі түрлі деректі, анимациялық фильмдер түсірумен айналысады. Мекеме басшысы Батырхан Дәуренбеков ағымдағы жылдың көктемінде «Қазақ елі» атты толық метражды мультфильмді жарыққа шығарды. Бүткіл республиканы аралап шыққан туынды ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленгені хақ.