«Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – 25 модельді кітапхана» жол картасы аймақтық жобасы бойынша Сайрам аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Жібек Жолы, Қасымбек датқа, Ақсукент -2 ауыл кітапханаларын модельді кітапхана ету мақсатында Жібек жолы ауыл кітапханасында модельді ауыл кітапханасының ашылу салтанатты кеші өтті. Айта кетейік, модельді кітапхана – ауыл тұрғындарына кітапханалық қызмет көрсетуді жоғары сатыға көтеретін ауылдағы жаңа кітапхананың стандарты. «Модельді ауыл кітапханалары» жобасының іске асуы ауыл тұрғындарын мәдениет құндылықтарына араластырудың тағы бір қадамы болып табылады, себебі кітапхана ұрпақтар сабақтастығын болжайды, ұлттық болашақ рухани және өнегелі мұратын қалыптастырады, өйткені – болашақ бастауы ауыл түкпірінде. Ауыл кітапханалары мектеп оқушыларының білімін арттыруға да көп үлес қосатыны белгілі. Салтанатты кешке облыстық «Отырар» ғылыми – әмбебап кітапханасының кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Ғ.С.Хакимова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қызметкерлері, Жібек жолы ауыл әкімшілігі қызметкерлері, ауыл тұрғындары және кітапхана оқырмандары қатысты. Кеш барысында кітапхана оқырмандары көпшілік қауымға «Кітапхана ақпарат пен білім орталығы» атты тәрбиелік маңызы бар көрініс көрсетті, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап ән, би, өлеңдерін паш етті. Ал кітапхананың қария оқырмандары, яғни ауылдың «Асыл әжелер» тобы жаңа үлгідегі кітапхананың ашылуына арнап кітапханаға арнауын әнмен жеткізді. Кітапхана басшысы Ү.Ә.Есболаева модельді ауыл кітапханаларының белсенді оқырмандарын «Үздік оқырман» сертификатымен марапаттап, сый – сияпат жасады. Облыстан келген қонақтар мен ауылдың ақсақал қариялары қазіргі заманға сай жабдықталған ауыл кітапханасының тұсауын кесіп, баталарын берді. Жібек жолы ауыл кітапханасының кітапханашысы Ф.Абдимажитова кітапхана қонақтары мен оқырмандарға модельді ауыл кітапханасының тыныс – тіршілігімен таныстырды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудандарда атқарылып жатқан ауқымды шаралардың бір парасы ғана бұл.
Жанар Нарботаева, Аудандық орталықтандырылған кітапханалар
жүйесінің кітапхананы дамыту бөлімінің
меңгерушісі