Түркістан облысы Арыс қаласының білім бөліміне қарасты Ж.Ташенов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің аға тәлімгері Роза Миркебаева мен 6-сынып жетекшісі Айжан Анасованың ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қастерлеп, құрметтеуге бағытталған ашық тәрбие сағаты өтті. Мақсат — оқушыларды Отансүйгіштікке, Отанына, халқына адал қызмет етуге, елінің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеп, құрметтеуге, халқының тегін, тарихын білуге тәрбиелеу. Аталған ашық тәрбие сағаты барысында оқушылар Әнұранды орындады. Ту, Елтаңба, Әнұран туралы деректер айтып, өлең-тақпақтар мен «Көк тудың желбірегені» әнін қосыла шырқады. Мұғалім сабақты қорытындылау кезінде сұрақ-жауаптар мен кеспе қағазға тірек сөздер құрау тапсырмасын берді. Қысқасы, бұл сабақ оқушыларды жоғары мәдениетке баулуға, олардың патриоттық және азаматтық сезімдерін оятуға арналды. Бұдан кейін, Арыс қаласының «Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Білім бөлімінің ұйымдастыруымен мәдениет үйінде «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» тақырыбында, этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген белсенді өзге ұлт жастарын ынталандыру мақсатында байқау ұйымдастырды. Байқауға қалалық және ауылдық мектептерден ең үздік он оқушы келіп өз бақтарын сынап қайтты. Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені С.Ерубаев мектебінің оқушысы Салқынбек Жасмин иеленді, бірінші орын В.Комаров мектебінің оқушысы Ибрагим Сабинаға бұйырды, В.Комаров мектебінің шәкіртері Безруков Евгений екінші орын алса, үшінші орынды Безруков Никита мен Исмаилова Сабина қанжығаларына байлап қайтты. Байқау соңында жүлделі орын иеленгендерге Арыс қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің дипломы мен сыйлықтары табысталды.