Қазақстандық ғылымды дамыту бағытында Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жуырда білім ордасында «БАҚ шаруашылығын сақтау және оның өнімдерін қайта өңдеудің жолдары мен болашағы» атты гибридті Халықаралық семинар өтті. Аталған семинар АР 15573823 «Инновациялық техеологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ботаникалық бағының бағалы гендік қорын сақтау» тақырыбындағы гранттық жобаның аясында өткізіліп отыр. Халықаралық шараға Түркия елінің профессорлары мен қатар өңіріміздегі академиктер, ғылым докторлары және де шаруа қожалықтарының басшылары да қатысты. Халықаралық семинарды университетіміздің қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мұстафа Нұрсой ашып беріп, сәттілік тіледі. Сондай-ақ Түркияның биоалуантүрлілігі және атмосфералық фитопатагенді саңырауқұлақтар тақырыбында түркиялық профессор, доктор Фарук Селчук пен Хасан Ақгул онлайн баяндама жасады. Сонымен қатар бағдарламаға сәйкес ҚРҰҒА корреспондент-мүшесі, «innovtechproduct» ЖШС директоры, техника ғылымдарының докторы Марат Сатаев мазмұнды баяндама жасады. Онда қазіргі таңда азық-түлік және косметикалық майларды, сондай-ақ кесіп кептірілген жеміс-жидек тағамдарын алу мақсатында жемістер мен көкөністерді кешенді өңдеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Таза экологиялық өнім алу үшін бүгінгі таңда сұранысқа сай өнімдерді химиялық қоспаларсыз да алуға болатындығын айтқан Марат Сатаев, жеміс дәндерінен түрлі майларды сығып алу мен алма қытырлақтарын «чипсы» жасап шығарудағы өз тәжірибелерімен бөлісті. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Суды тазартудың инновациялық жүйелері» ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі, PhD докторы, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі Болат Азимов «Қазақстандағы ғылымды коммерцияландыру» тақырыбында баяндама жасап, бұл салада біздің университеттің әлеуетінің жоғары екендігін тілге тиек етіп, көптеген ауқымды жобалардың жүзеге асып жатқандығына қуанышты екендігін жеткізді. Оқу ордамыздың ботаникалық бағының бүгіні мен ертеңі жайында баяндама жасаған Ботаникалық бақ директоры Мұрат Ерденов, аумағы 88 гектарды құрайтын бақ ең алдымен өңіріміздің климатын оңтайлы түрде өзгертуге оң ықпалын тигізіп жатқандығын айтты. Сондай-ақ құрғақшылыққа төзімді, өну қабілеті 100 % көшеттердің шығарылып жатқандығын жеткізді. Жиын соңында Техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Қаз ҰЖҒА корреспондент-мүшесі Ғани Исаев Халықаралық семинарға қатысқан барша қонақтарға алғыс айтып, БжҒМ және «Ғылым қоры»-ның гранттық қаржыландыру негізінде жеңіп алған гранттық жобаларды, аталған сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.