«Ұстазым менің ұстазым», Сүйікті — ұстазыма! Ұстаз болу – жүрек жылылығын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз білімді, еңбекқор, бала жанын түсіне алатын болса ғана, ұстаздық кәсіптің шыңына жете алатыны сөзсіз. Осындай қасиеттерді біздің оқушыларымыздың бойына дарытып жүрген ұстаздарымыз туралы жазуды жөн көрдім. Ұстаз… Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі-Ұстаз. «Ұстаз» деген қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Менің ойымша, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер — тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез- келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген тегін айтылмаса керек. Дүниедегі сыйлы адам да ұстаз. Себебі, шәкірт өнер, білім, әдеп тәрбие, кәсіп үйреткен адамының алдында өзін өмір бойы қарыздармын деп санап, ұстазының көзі тірісінде өзін, өлгеннен кейін аруағын сыйлап, ардақтап өтеді. «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасасаң, еңбегің еш кетпейді деп түсінемін. Қанша жыл тер төгіп еңбек етсең де, «болдым, толдым, мен бәрін де білемін» деп айтуға болмайды. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Өмір бір орнында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отыру керек. Білген сайын келеді біле бергім, Біле беру емес пе тілегі елдің?! Белден ассаң, алдыңда бел көрінсе, Қызыққаннан келмей ме, жүре бергің?! Сондықтан да келеді біле бергім… Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып , тәлім – тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт – бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Ұстаздық мамандық – мамандықтың ең асылы, ең қасиеттісі. Менің ұстаз мамандығын таңдауыма алғашқы қалам ұстатқан мұғалімім Бақыт Байжанова апайым қатты әсер етті. Ол кісі маған бәрінен ақылды, бәрінен сұлу, бәрінен жақсы көрінетін. Кейін мен де сол кісінің жолын қуып , ұстаз мамандығын таңдадым. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінінің мұғалімімін. Балалардың күлімдеген көздерін, кіршіксіз пәк жүздерін көргенде бойыма қан жүгіріп, жүрегіме нұр құйылғандай болады. Мен өз мамандығымды сүйемін. Әрбір сабақ өткізген сайын күні бүгінге дейін өзімді жаңа ғана ұстаз болып келіп, жаңа сабақ өткізіп тұрғандай сезінемін. Мен үшін әрбір сабақ – үлкен жауапкершілік, үлкен абырой. Әрбір адам алған асуларын ұстаз еңбегінің жемісі, нәтижесі деп түсінулері керек деп ойлаймын. Мынау қайнаған заманда жаңа технологияларды қолданып, жаңаша еңбек ету – менің ұстанымым. Еңбегімнің бағасын ата-ана, жұртшылық береді. Өскелең ұрпаққа білім бере отырып, ел ертеңін қолға алар ізбасарларды тәрбиелеудемін. Бүгінгі ұрпақ- бақытты ұрпақ. Себебі, технологияның дамыған кезеңінде өмір сүріп жатқан жастарға алаңсыз білім алуға жан-жақты жағдай жасалған. Елбасының айырықша көңіл бөлуі нәтижесінде білім мекемелерін көбейту және олардың материалдық базасын заманауи қондырғылармен жабдықтау арқылы білім сапасын дамытуға барлық жағдай жасалып келеді.Осының барлығы білім сапасын арттыруға, кәсіби шеберлікті нығайтуға, мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін жоғарылатуға ықпал ететіні сөзсіз. «Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін» деген Серке Қожамқұловтың сөзінен ұстаз қауымына деген үлкен құрметтеушілікті байқаймыз. Жақсы ұстазға екі ғана нәрсе керек, оның бірі- терең білім болса, екіншісі–үлкен жүрек. Балаға деген шексіз махаббаттың иесі болған ұстаз ғана өз еңбегінің жемісін көре алары сөзсіз дей келе, қазақ халқының көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова апамыздың мына өлең жолдарымен өз ойымды аяқтағым келіп отыр: «Ұстазсыз жанда сөнбек күн Шәкіртсіз өмір – сусыз жер Көрінбес ғажап еңбектің Бейнетін көріп жүрсіздер. Жүректе тұрар жалқы үнің, Жанымнан жалын, жігер күт Ұстазым, сенің әр күнің Әр сәтің тұрған, бір ерлік», Барлық ұстаздар қауымын шын жүректен мерекелеріңізбен құттықтаймын! Барлық жақсылықты тілеймін,алар асуларыңыз көп, бағындырар белестеріңіз көп болсын! М. Бердімұратова, Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданындағы №14 М.Сапарбаев атындағы мектебінің м.у.а директоры