Әдебиет өлкесіне ат басын ерте бұрған тума талант, ақын, журналист, жазушы, жерлесіміз Есжан Айнабековтың туғанына 60 толуына орай шығармаларын насихаттау, қаламгердің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында «Отырардың отты ұлы» атты жыр мүшәйрасы болып өтті. Түркістан облысына қарасты Отырар ауданында өткен кештің мақсаты оқу мәдениетін насихаттаудан бөлек, ақынның шығармашылығымен таныстыру болып табылады. Кеш басталмас бұрын қонақтарға арнайы дайындалған кітап көрмесі ұсынылды. Кешті алғы сөзбен ашқан Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса, ақын Айдар Сейдәзім, аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы өз сөздерінде ақынның мазмұнды шығармаларымен, өзіндік қолтаңбасы бар туындыларымен көпшіліктің есінде қалатынын айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Қазыбек Иса Есжан Айнабековпен алғаш танысып, бірге жүрген кездерін еске ала отырып, «Есжан ешкімнің мансабына, атағына қарамай тіке сөйлейтін нағыз Отырардың отты перзенті еді»-дей келе, оның Желтоқсан көтерілісінде де алаңның қақ ортасында жалындап жүргенін, аз болса да саз жазып қалдырған қарымды қаламгер екендігін айтып өтті. Сондай-ақ ақынның туыстары мен достары өз естеліктерімен бөлісіп, аудан әкімдігіне, мәдениет бөліміне ризашылықтарын білдірді. Кеш барысында Есжан Айнабековтің «Ескерткіш» шығармасынан үзінді көрсетіліп, жас ақындар өлеңдерін жатқа оқыды. Жыр мүшәйрасына туындыларын ұсынған ақындардың өлеңдері әділ қазылар тарапынан оң бағасын алып, жүлделі орындармен, арнайы сыйлықтармен марапатталды.