Ұлт жоспарының 45-қадамында кiрiске және шығысқа салық есебiн мiндеттi түрде енгiзу арқылы қолданыстағы салық режимiн оңтайландыру қажеттiгi айтылғаны белгiлi. Соған орай бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы мемлекеттік кірістер департаменті ауқымды шаралар атқаруда. Облыста шағын және орта бизнес нысандары 207 мыңды құрап, онда бүгiнде 340 мыңнан астам адам еңбек етуде. Ағымдағы жылдың 8 айында мемлекеттiк бюджет түсiмiнiң 55 пайызы осы салаға тиесiлi, ал, олардан түскен салық 81,7 млрд. теңгенi құрады. Мемлекеттiк кiрiстер органының басты мiндеттерiнiң бiрi салықтық, кедендiк төлемдердiң толық және уақытылы түсуiн қамтамасыз ету. Департамент ағымдағы жылдың 8 айында мемлекеттiк бюджетке межеленген жоспарды 134 пайызға артық орындады. Немесе нақты 203,5 млрд. теңге өндiрiп, бюджет табысын қосымша 51,5 млрд. теңгеге еселедi. Түсiмдердiң өсу қарқыны 152,7 пайызға жеттi. Бұл өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда мемлекет қазынасына 70,2 млрд. теңге артық қаражат өндiрiлдi деген сөз. Оның iшiнде, бюджеттер кесiндiсiнде тоқталатын болсақ, республикалық бюджеттiң жоспары 151,5 пайызға орындалды. Нақты 130,9 млрд. теңге өндiрiлiп, бюджет жоспардан тыс 44,5 млрд. теңгемен қамтамасыз етiлдi. Өткен жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда, республикалық бюджетке 59,9 млрд. теңге артық түсiм түстi. Жергiлiктi бюджет бойынша болжамды жоспар 65,6 млрд. теңге болса, 72,6 млрд. теңге нақты өндiрiлiп, жоспардың орындалуы 111 пайызды құрады. Немесе жергiлiктi бюджет қоржынына 7 млрд. теңге артық құйылды. Өткен жылдың осы кезеңiнде жергiлiктi бюджетке 62,3 млрд. теңге түскен болса, биылғы түсiмдердiң өсу қарқыны 116,5 пайызға ұлғайып, 10,3 млрд. теңгеге артты.Жоспарлы түсiмдерден басқа, департамент тарапынан қосымша кiрiс көздерiн анықтау, өндiру жұмыстары да қарқынды жүргiзiлуде. Нәтижесiнде, мемлекеттiк бюджетке қосымша 11,7 млрд. теңге өндiрiлдi. Оның 5,8 млрд. теңгесi республикалық бюджетке (түсiмдер iшiндегi үлесi 6,7 пайызға тең), 5,9 млрд. теңгесi жергiлiктi бюджетке (түсiмдер iшiндегi үлесi 9,4 пайызға тең) тиесiлi.