Алма, алхоры, шабдалы, шие, жүзім жеміс-жидектерін өсіретін серіктестік өнімдерін Қазақстан аумағынан бөлек, Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан Республикаларына шығаруда. Сондай-ақ, олар мұндағы жеміс-жидектер мен көкөністерді сақтайтын сыйымдылығы 2 мың тонналық қойманы және тұқым бағында өндірілетін алма мен жүзім көшеттерін көрді. Сапар барысында шаруалардың жұмысымен танысқан өңір басшысы тұқымбақтағы өндірілетін көшеттерді кеңінен насихаттап, өзге де аудандарға ұсынуды тапсырды. «Елбасы Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған бір жұмыс сапарында облыстың көкөніс пен жеміс-жидек өндіретін нағыз «фабрикаға» айналуға барлық мүмкіндігі бар деген болатын. Осы мүмкіндікті барынша қолдану үшін барлық аудан, қала аталған серіктестіктен тәжірибе алмасып, бау-бақша шаруашылығын дамытуымыз керек»,-деді әкім. Өз кезегінде Ерболат Досаев шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қашанда қолдау көрсетілетінін айтып, облыстағы өндірілетін өнімдерді өзге де өңірлерге кеңінен таныстыру қажеттігіне тоқтлды. Осы күні делегаттар 326 оқушы білім алатын Жамбыл Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл оқу орнында білім беру қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мектептің жанында 300 орындық жатақхана да бар.