Бүгінгі заман білімдінікі… Сондықтан да білімді болу үшін іздену керектігін, үйрену керектігін терең ұғынған оқушылар түрлі сайыстарға қатысып, өздерінің білімін жетілдіру жолына түскен. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында “Интеллектуал-2050» халықаралық қоры Болгарияның ғылым академиясының «математика және информатика» институтымен бірлесе отырып оқушылар арасынан жас зияткерлерді анықтау мақсатында олимпиада өткізді. Байқау қаладағы №24 мектепте өтті. Өрелі ғылымдардың атасы математикаға деген оқушылардың қызығушылығы өте жоғары болып шықты. Байқауға облыстағы барлық мектептерден 2-10 сыныптың оқушылары қатысты. Әу баста бағын сынап көруге 679 оқушы ниет білдірген екен ал дәл сынақ өтетін күні олардың саны 800-ден асты. Қиын да күрделі есептерді шемішкеге шағатын оқушылар көп екен. Олардың қызығушылығында шек жоқ. Байқау есептерін қиналмай-ақ шығарғандарын айтуда. Байқаудың қорытындысы 1 ай көлемінде белгілі болады. Сынақ жұмыстары Болгарияда тексеріліп, қатысушылардың барлығы да сертификатқа ие болады. Ал жүлдегер, «Интеллектуал- 2050» халықаралық қоры мен Болгарияның ХХV-ші «Черноризец храбр» халықаралық мемлекеттік олимпиадасының дипломы қоса беріледі. Мұндай бақытқа кімнің қолы жететіні қазір әрине белгісіз. Алғашқы 3 орынды иеленгендер Болгарияның астанасы София қаласында өтетін екінші тур финалына өтуге мүмкіндік алады. Гран –при иегерінің барып келу шығыны қордың есебінен төленеді. Күрделі есептердің шешімін қиналмай ақ табатын дарынды балалардың көптігі қуантты. Мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан түрлі бағдарламалардың дені болашақ ұстыны жастардың білім, ғылымды игеруіне жағдай жасауға арналған. Ұлт жоспарында да бұл мәселе толыққанды көрініс тапқан.