Бүгінде шетелден жиһаз тасып шығындалудың қажеті жоқ. Отандық өндірушілер импорт жиһаздан кем түспейтін дүниені жасап бере алады. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан қаласының маңындағы Шорнақ ауылының белді кәсіпкері Тілеуберген Құдайбергенов жиһаз цехын ашып, ауылдастарын түгелімен жұмыспен қамтып отыр. Шағын ғана ауылдың тұрғындары жоғары сапалы жиһаз өндірісін өркендетіп отыр. Он шақты жыл бұрын ғана ашылған цех бүгінде «Халық маркасы» сертификатына ие болды. Бұл да болса сапалы өнім өндіруінен әрине. Әу баста шағын ғана цех болып ашылған. Уақыт өте келе ауқымы кеңейіп бүгінде мұнда 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, күніне 50-60 орындық пен тапсырысқа қарай үстелдер шығарады. Жалақы да жаман емес, 60-70 мың теңге көлемінде. Цехтағы ер-азаматтар ағаштарды жонып, кесумен және өнімді құрастырып, бояумен айналысады. Ал бұрымдылар үстелді қаптайтын қаптамааларды тігеді. Әсем жиһаздар еліміздің барлық облыстарына жөнелтіледі. Тоғыз облыста арнайы бөлімше ашылып, тапсырыс қабылдайды. Біраз уақыттан бері жиһаздар Ресейге де экспортталуда. Кәсіпкер «Даму» бағдарламасы арқылы 20 млн теңге көлемінде несие алып ісін ілгерілетіп отыр. Цех арнайы шетелдік құрал жабдықтармен жарақтандырылған. Астанада ашылған «Халық маркасы» атты дүкенде жергілікті жиһаз өндірушінің өнімі де төрден орын алған. Оның өнімдеріне «Қазақстанда шығарылған» деген белгі қойылған.