(Жалғасы)
Сондай-ақ, спорт жанашырлары басқармаға қарасты облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінің медициналық жабдықтармен, фармакологиялық және қалпына келтіру құралдарымен жабдықталмауын, оларды емдеуде күндізгі стационардың болмауын сөз етті. Баяндамашыларды мұқият тыңдаған облыс әкімі спорттағы бірқатар салалар бойынша ойын білдіріп, тапсырмалар берді. Спорт нысандарының жоспарлы түрде өз мерзімінде салынатынын ескерткен Ж.Түймебаев қолдағы бар спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, үйірмелердің бағасын қолжетімді ету арқылы оған жастарды көптеп тартуды жүктеді. Аймақ басшысы, әсіресе, спорттың көркем гимнастика түріне қызығушылық білдіріп, жас жеткіншектердің бойына эстетикалық тұрғыдан сұлу саналатын осынау спорттың негізін қалауды тапсырды. Облыс әкімі назарға алған тағы бір мәселе — 4 жыл сайын өтетін халықаралық жазғы Олимпиада ойындарына жарты жыл қалғанда емес, осы бастан дайындалу қажеттігі еді. Бұл ретте, ол ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына түрлі шаралар өткізіп, оның ішінде, ауыл, аймақтардан жарыстар ұйымдастыру арқылы жас таланттарды іздеуді тапсырды. Ал бұқаралық спортты дамытуда өңір басшысы көп қабатты тұрғын үйлердің жобалық сметалық құнын әзірлегенде үй алдынан салынатын құрылғылармен қамтамасыз етілген алаңқайлардың да міндетті түрде кіруі керектігін ескертті. Сонымен бірге, әкім болашақта облыс орталығынан жаңа спорт сарайы мен стадион салыну қажеттігіне көңіл бөліп, бұл жобаны алдағы уақытта қарастыратынын жеткізді.