Оңтүстік Қазақстан облысындағы ең ірі кәсіпорын – «Қазатомпром» компаниясы Созақ ауданындағы әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына үнемі атсалысып келеді. Демеушілік жасау жағынан да қамшы салдырған емес. Бала бақшалар салып, спорт алаңшаларын пайдалануға беріп бүгінде созақтықтардың алғысына бөленіп жүр. Жұмыссыздық мәселесінің шешілуіне де мұрындық болып жүр. Мұнда 12 мың 500 азамат еңбек етсе, соның 95 пайызы — жергілікті тұрғындар. Таукенттегі «Мойынқұм», «Қанжуған» кеніштері заманауи технологиямен жабдықталған. Сандық үлгідегі құрылғылар ғаламтор арқылы басқарылады. Жұмыс істеу барысында барлық жоғары технологияның мүмкіндіктері қамтылған. Әлемнің кез-келген нүктесінен бақылауға болады. Бүгінде аудан орталығы Шолаққорғанда «Қазатомпром» өнеркәсібіне қажетті пластик құбырлар мен уран тасымалдауға арналған бөшкелелер шығарылады. Бұл да болса біраз адамды жұмыссыздық құрсауынан құтқаруға сеп болып отыр. Азық түлік өнімдері облыс орталығынан тасымалданады. «Дегенмен, өңірдің мүмкіндігі бұдан да жоғары. Ең бастысы, екіжақты түсіністік пен ынтымақтас бағытында жұмыс жүргізуіміз қажет». Осылай деген облыс басшысы әлеуметтік қарым-қатынастарды нығайтуға шақырды. Алдағы уақытта қызметкерлердің жұмыс орны қысқартуға ұшырамайды әрі жалақылары да біршама көбеймек. Тәуелсіздің жылдарында облыста қолға алынған ірі жобалардың бірі осы. Облыс бюджетіне қомақты қаражат құйып отырған да осы компания.