Қаланың көркейгені елдің көркейгенінің көрсеткіші. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын көркейту мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл тарапта ілкімді істер атқарылуда. Жуырда өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен күзгі маусымда облыс орталығында отырғызылатын ағаш көшеттерін отырғызу мәселесі бойынша жиын өтті. Жиында қаладағы 4 аудан әкімдігіне қарасты саябақтар мен гүлзарларға, сонымен бірге, елді мекендерді қосатын жол бойлары, мектептер мен балабақшаларға, ауруханаларға және І санатты орталық көшелерге егілетін 77 мың түптен астам жасыл желекті отырғызу жұмыстары екі кезеңмен жүргізілетін болды. Көлемі 22,5 га болатын саябақтар мен гүлзарларға 8 мың түптен астам қырым қарағайы мен шынар, липа отырғызылса, Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарына қарасты аумақтарға 22 мың түптен астам қарағаш отырғызылмақ. Жұмыстарды «Шымкент жасыл қала» мемлекеттік мекемесі жүргізетін болады. Қаладағы Темірлан тас жолы, Арғынбеков көшесі, Қонаев даңғылы, Бәйдібек би даңғылы сынды 21 орталық көшеге 47 мың түпке жуық жасыл желек егіледі. Шаһардың сәніне көрік беретін мұндағы ағаштардың дені туя (боз арша), легуструм, қарағаш, қырым қарағайы, каштан, терек, форзиция, клен сынды ағаштардың көшеттерінен тұрады. Облыс орталығы – Шымкентті көгалдандыру жұмыстары аясындағы мәліметтерге қаныққан Жансейіт Қансейітұлы жасыл желектердің өңір климатына сай болуы керектігіне назар аударып, аптап ыстықта сая болатын қылқанжапырақты ағаштарды көптеп егуді тапсырды. Көшеттердің басым бөлігін Қазығұрт ауданындағы «Жасыл желек» тұқымбағынан алуға нұсқау берді.