Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі ауылшаруашылығы саласының көшбасшысына айналып келеді. Саладағы жетістіктер ауыз толтырып айтарлықтай. Мақтануға тұрарлық та. Қол жеткізген жетістіктерді көрсететіндей күні кеше «AgriTek Shymkent’2016» V халықаралық мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесі өтті. Өңір басшысы Жансейіт Түймебаев ауыл шаруашылығы саласы маңызды болып табылатын өңір үшін мұндай көрмелерді ұйымдастыру аса қажеи деп санайтындығын жеткізді. Соңғы 3 жылда бақша дақылдарының жыл сайынғы жиналуы 1 млн. тоннадан асады. Еліміздегі жылыжай шаруашылықтарының 87 пайызы біздің өңірде орналасқан. Облыс республика бойынша мақта көлемінің 100℅, жүзім мен бақша дақылдары көлемінің 70℅ құрайтындығы белгілі. Халықаралық шарада Қазақстаннан бөлек, Ресей, Түркия, Германия, Испания, Ұлыбритания сынды шетелдік компаниялар келушілерге өз өнімдерін ұсынды. Атап айтқанда, шараға қатысып жатқан 50-ден астам компания өкілдері ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтарын, қосалқы бөлшектерді, суару және тыңайту технологияларын, жылыжайларды, тұқымдар мен екпелерді, тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын, мал шаруашылығына арналған технологияларды, ветеринарлық технологияларды оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлерге кеңінен таныстырды. Көрмені аралау барысында облыс әкімі отандық тауар өндірушілердің өнімдеріне айрықша көңіл бөліп, оны өткізудің түрлі жолдарын қарастыру арқылы сауда-саттықты жандандыру қажеттігін айтты. Биыл бау-бақша дақылдарының егіс алаңы 49 мың га-ға ұлғайып, 59 мың га құрады. Яғни, көкөністер көлемі 27 мың гектарға көбейіп, 40,4 мың га болды. Сондай-ақ, жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің егістік алаңы 30 мың га жетті. Ауыл шаруашылығы саласында ілгерілеушілігі мол өңірде алдағы уақытта осындай көрмелер өткізу жалғасын табатын болады.